Сеулде Alatau Rise With Kazakhstan өтіп жатыр. Оның ашылуына премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев қатысып, әлеуетті инвесторлар мен серіктестерге жаңа Алатаu City жобасын таныстырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан тарапынан Alatau City дамыту кеңесінің мүшелері - Caspian Group төрағасы Юрий Цхай және жобаның инвестициялық серіктесі Alatau City Bank-тің жалғыз акционері Вячеслав Ким қатысты.
Alatau City негізгі көлік дәліздерінің торабында орналасқан, жалпы ауданы - 88 мың гектар. Қаланың бүкіл аумағы Арнайы экономикалық аймақтың құрамына енгізілген. Мұнда корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан босату, сондай-ақ, Алатау қаласы аумағында сатылатын тауарларға нөлдік мөлшерлемесімен қосымша құн салығын қолдану сияқты жеңілдіктер қарастырылған.
Қыркүйекте Президенттің арнайы жарлығымен Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе берілді. Премьер-министрдің төрағалығымен құрылған Алатау қаласын дамыту кеңесі - стратегиялық шешімдер қабылдайтын негізгі орган. Осылайша қала Үкіметтің тікелей қарамағында болады.

Alatau City болашақта технологиялық компаниялар мен экспортқа бағытталған өндірістердің орталығына айналмақ. Қала қалалық әуе мобильдігі мен сутек экономикасы сияқты мақсатты салалар бойынша ынталандыру бағдарламаларын ұсынуға дайын, бұл бағыттарда Қазақстан мен Корея тығыз әріптестік орната алады.

Форумда сөйлеген сөзінде Қанат Бозымбаев электроника, жаңартылатын энергия, медицина, білім және қалалық сервистерді цифрландыру салаларында корей компанияларымен әріптестікті дамытудың үлкен әлеуеті бар екенін атап өтті.
"Бүгінде Кореяның 800-ден аса компаниясы Қазақстанның барлық өңірінде энергетика, құрылыс, қаржы, денсаулық сақтау, автокөлік және жоғары технологиялар салаларында табысты жұмыс істеп жатыр. Біз бірлескен жобаларды кеңейтуге, Кореяның өнеркәсіптік және энергетикалық компанияларын тартуға мүдделіміз. Өзара тиімді ынтымақтастыққа ашықпыз және сіздерді ұлттық Alatau City жобасына қатысуға шақырамыз", - деді Қанат Бозымбаев.

Кореяның ABC арнасы мәліметінше, Alatau City дамыту кеңесінің мүшесі - Caspian Group төрағасы Юрий Цхай құттықтау сөз сөйлеген:
"Бұл жоба 18 жылға созылған қиын жолдан өтті, бірақ бүгінде ол Мемлекет басшысының толық қолдауына ие болып, жалпыұлттық жоба – ЖИ, цифрландыру және әуе ұтқырлығын қоса алғанда, инновациялық технологиялар енгізілетін болашақтың қаласы деп аталып отыр. Ол ел экономикасын және әр тұрғынның өмір салтын өзгертуге қауқарлы. Жеке мен үшін бұл негізгі Олимпиада ойындары сияқты".
Іс-шарада Корея Республикасы Ұлттық жиналысының депутаты және MOTIE комитетінің мүшесі Квак Сан Он да сөз сөйледі:
"Алатау - жай ғана қаланы дамыту жобасы емес, ол Қазақстанның болашағын айқындайтын ұлттық бағдарлама. Корея Республикасының негізгі серіктес ретінде таңдалуы - үлкен сенімнің белгісі. Корея табиғи ресурстарға бай болмаса да, білімге, технологияға және азаматтарының еңбегіне арқа сүйеп, Хан өзенінде ғажайыпқа қол жеткізді. Біз "ақылды" қалалар, инфрақұрылым, технология және цифрлық шешімдер саласындағы тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз, бұл Қазақстанға Алатау жобасының әлеуетін жүзеге асыруға көмектеседі. Алатау Қазақстанның жаңа экономикалық өсу орталығына айналады деп үміттенемін, ал біздің компаниялар мен инженерлер бұл іске өз үлесін қосады".
Roadshow аясында Қазақстан мен Корея Республикасының мемлекеттік және іскер құрылымдары арасында өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумға қол қойылды.
Іс-сапар барысында Қанат Бозымбаев Ұлттық жиналыстың депутаты Пак Хон Гынмен, Ұлттық Ассамблея мүшесі Мэн Сон Гюмен, Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ким Джунг Кванмен, Кореяның халықаралық сауда қауымдастығының (KITA) төрағасы Юн Джин Сикпен және Young Business Leaders Network басшылығымен келіссөздер жүргізді.
Тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. 2024 жылы Корея Республикасы Қазақстанның негізгі сауда серіктестері арасында 10-орынға, ал инвестициялар көлемі бойынша 3-орынға шықты. Тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және екі елдің мүдделеріне сай жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова