Air Astana ұшағы Ақтөбеге шұғыл қонуға мәжбүр болды: министрлік тексеріс жүргізеді

Air Astana ұшағы Ақтөбеге шұғыл қонуға мәжбүр болды: министрлік тексеріс жүргізеді
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Көлік министрлігі Астана - Франкфурт рейсіне қатысты оқиғаны тексереді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

8 мамырда Астана - Франкфурт бағыты бойынша KZR921 рейсін орындау кезінде Air Astana АҚ-ның Airbus A321 әуе кемесіне қатысты авиациялық оқиға тіркелген. Астана әуежайынан ұшып шыққаннан кейін ұшақ экипажы қозғалтқыштардың бірі істен шығуына байланысты PAN-PAN шұғыл дабылын жариялаған. Осыған байланысты экипаж Ақтөбенің қосалқы әуежайына қону туралы шешім қабылдаған.

Әуе кемесінің бортында 93 жолаушы, оның ішінде 4 бала мен 1 нәресте, сондай-ақ, экипаждың 9 мүшесі болған. Әуе кемесі Ақтөбе әуежайына жергілікті уақыт бойынша сағат 11:34-те штаттық режимде қонған.

"Бұл оқиға әуе кемесінің күштік қондырғысындағы техникалық ақауға байланысты болды. Қазір зардап шеккендер немесе әуе кемесі зақымданғаны туралы ақпарат түскен жоқ. Бұл оқиға ауыр оқиға ретінде жіктеліп, оны Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғаларды тергеп-тексеру департаменті тергейді", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Астанадан Франкфуртқа ұшып шыққан ұшақ Ақтөбеге қонуға мәжбүр болғаны хабарланды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget