Air Astana министрлік деңгейінде шешілмейтін мәселе - депутат Құспан

Air Astana министрлік деңгейінде шешілмейтін мәселе - депутат Құспан
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Абзал Құспан көлік министрі Марат Қарабаевтан берген уәдесінде неге тұрмағанын сұрап, сұрақтың астына алды - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Air Astana - министрлік деңгейінде шешілмейтін мәселе"

Абзал Құспанның сөзінше, Air Astana-ға келгенде мәселе министрлік деңгейінде шешілмейді.

"Министр мырза, осы екі жылдың ішінде сіздің министрліктің алдында екі ғана мәселе көтерген екенмін. Екеуі де шешімін таппады. Шешімін таппағаны былай тұрсын, сіздің министрлік екі қол, екі аяғымен қарсылық көрсетіп, тіресіп тұрып, керісінше, шешілмеудің барлық жағдайын жасадыңыздар. Біреуі Air Astana-ға қатысты, бұл мәселені көтермей-ақ қояйын. Air Astana-ның нарықтағы монополиялық жағдайы сіздің министрліктің деңгейінде шешілмейтін мәселе екеніне көзім жетті. Оған қатысты сұрақ қоймаймын", - деді депутат.

"Хабарсыз кеттіңіз". Депутат Құспан министр Қарабаевқа

Абзал Құспан Қазақстан теміржолына қатысты мәселені де көтерді.

"Осы жерге бұрынғы премьер-министр, қазіргі Жоғары аудиторлық палата төрағасы келіп, Қазақстан теміржолын банкрот жағдайының алдында тұр деп мәлімдегенін бәріміз білеміз. Сол Қазақстан теміржолына көмектесудің жолын ешқайсымыз қарастырғымыз келмейді. Бір ғана мысал келтірейінші, 2020 жылы материалдық заң қабылдадық. Барлық транзит арқылы өтетін жүк тасушы алдын ала, бір күн хабарлауға міндетті дедік. Бірақ осы талапты орындамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік туралы мәселе шешілмей қалды. Қазіргі Қазақстан теміржолының есебінше, үш жылдың ішінде тек Ресейдің астық тасымалы бойынша шеккен зиянымыз - 123 млрд теңге. Осыған байланысты жасырын транзитті сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік енгізу туралы ұсыныс бердік. Бірақ, өкінішке қарай, сіздің министрліктің табанды қарсылығының нәтижесінде Үкімет оған теріс қорытынды берді. Нәтижесінде Әкімшілік кодекстен осы норманы алып тастауға мәжбүр болдық. ...12 маусымда пленарлық отырыста сізге осы сұрақты қойғанмын. Сіз жазбаша жауабын береміз дедіңіз. Міне, менде хаттамасы бар. Бірақ одан кейін хабарсыз кеттіңіз", - деді ол.

"Сіз де хабарласпадыңыз". Министр Қарабаевтың жауабы

Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстан теміржолына қатысты мәселені ашық талқылауға дайын екенін жеткізді.

"Жазбаша жауап беремін деп айтпадым. Қандай мәселе көтергеніңізді түсінбей тұрмын деп айттым. Содан соң хабарласайық дедім. Сіз де хабарласпадыңыз. Ешқашан депутаттарды қабылдамаймын деген жоқ. Кездесейік, қандай мәселе екенін түсінейін. Бас тартып тұрған ештеңеміз жоқ. Сіз өзіңіз хабарласамыз дедіңіз, жақсы дедік. Осыдан кейін кездесіп, мәселе неде екенін түсінейін. Бірге қарастыруға дайынмын", - деп жауап берді министр.

Air Astana мәселесіне келгенде депутаттар шулап қоя берді

Осы жауаптан кейін депутаттар Air Astana-ға қатысты мәселені айтып, шулап кетті.

"Air Astana-ға қатысты халықтың тарапынан наразылық өте жоғары. Неге? Біріншіден, Air Astana мен Fly Arystan бір компания екенін білеміз. Екіншіден, осы компаниялар нарықта басымдыққа ие екенін білеміз. Air Astana-ның монополиялық жағдайына байланысты осы кезге дейін сапалы әуе қызметін пайдалана алмай отырмыз. Тұтынушылардың құқығы бұзылады - бір, кешігеді - екі, рейстерін ұшырмай тастайды - үш. Бірақ осы үшін бұл компанияға жауапкершілік жоқ", - деді Абзал Құспан.

"Толық мойындаймыз" - министрдің жауабы

Көлік министрі Марат Қарабаев бұл сауалға былай жауап берді:

"Кешігеді деп айтып жатсыз. Соңғы 10 айдың ішінде 76 мың ұшақ ұшты. Сонда 23 пайызы кешікті, 77 пайызы уақытылы ұшты. Дәл осындай индикатор басқа елдерде де бар. Толық мойындаймыз, биыл көп кешіккен жағдай болды. Оны бірнеше рет түсіндірдік қой. Биыл бірнеше әуежайдың ұшу-қону алаңын жөндеуден өткіздік. Оның бәрі әсер етті. Екінші мәселе, жазда 10 ұшақ айналымнан шығып қалды".

Шенеунік ұшақ билеті көп жағдайда әлем елдерімен бірдей деген пікірде.

"Ұшақ билетінің құнына келгенде, 65-70 пайыз баға - әлемдегі бірдей баға. Арақашықтықты есептеңіздерші, Алматыдан Астанаға 1000 шақырымға ұшады. Біздегі баға Еуропадағы 1000 шақырымдық бағалармен бірдей. Кей жерлерде тіпті арзан. Қайта Еуропа елдерінде бәсеке бұдан да көп. Бағаларын арақашықтықпен есептесеңіз, тең немесе арзан", - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту туралы Үкімет сағаты өтіп жатыр. Көлік-логистикалық әлеуетті дамыту мәселесі бойынша көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова