Air Astana Қытайдан әуе отын сатып алмақ

Air Astana Қытайдан әуе отын сатып алмақ
Фото: t.me/airastana

Air Astana және PetroChina International Kazakhstan стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі әуекомпанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Меморандум аясында компаниялар әуе керосинді жеткізу мәселелері бойынша ынтымақтасуға, инфрақұрылымды құру және халықаралық стандартына сәйкес Jet А-1 авиациялық отынға көшу жөніндегі жұмысты жүргізуге келісті", - деп жазылған хабарламада.

Қазақстанда отынның бұл түрі өндірілмейді. Сондықтан әуекомпаниялар Jet А-1 және экологиялық таза авиациялық отынды (SAF) Қытайдың мұнай өңдеу зауыттарынан тікелей импорттау мәселесін талқылады.

Компания президенті Питер Фостер Air Astana маршрут желісін белсенді түрде кеңейтіп, әуе паркін жаңа ұшақтармен көбейтуді жоспарлап отырғанын жеткізді.

"Отынмен қамтамасыз етуде серіктестеріміздің қолдауы Air Astana-ның одан әрі өсіп дамуына септігін тигізеді. ESG стратегиямызға сәйкес авиацияда инновациялық және экологиялық бастамаларды енгізуге ниеттіміз", - деді басшы.

Айта кетейік, Jet A-1 - IATA (Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы) стандарттарына сәйкес келетін отын түрі.

Jet A-1 бренді Қазақстанда қолданылатын ТС-1/РТ маркаларынан өндіріс пен сақтау технологиясы арқылы ерекшеленеді.

Аяз Есен 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!