Енді бортсерік болғыңыз келсе, шетел асып, білім алудың керегі жоқ. Air Astana әуе компаниясының Ұшу даярлығы орталығында апаттық және қалыпты эвакуациялау және өртті шынайы сөндіру тренажерлары іске қосылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Осыған дейін мамандар Франкфурт, Ыстанбұл сынды қалалардың оқу-жаттығу орталықтарында практикалық жаттығулардан өткен болатын. Қазір өзіміздің орталығымыз бар. Арман қуған мамандарымыз үшін енді шетелге барып оқудың қажеті жоқ", - деді Air Astana әуе компаниясының жерүсті қызметтер мен ұшу қауіпсіздігін оқытудың аға менеджері Дамир Тұрғанов.
Орталықта бортсеріктер қалай қауіптің алдын алып, жолаушыларды құтқару керегін үйренеді. Төтенше жағдайлар туындағанда қалай жедел әрекет ету дағдыларын дамытады.
"Ең алдымен, жұмысқа қабылданған бортсеріктер іріктеуден өтеді. Бортсерік лауазымына қойылатын негізгі талаптардың кейбірі қазақ және ағылшын тілдерін білу, суда жүзе алу, коммуникация жүргезе білу дағдылар. Кейінгі этап - медициналық тексерістен өту. Мұнда бортсеріктің денсаулығы толықтай тексеріледі. Содан кейін ғана оқуды бастаймыз. Оқу - тегін болады. Алайда, егер қандай да жағдайда азамат тестілеуден өтпей, емтиханнан сүрінетін болса, оқу тобынан шығарылады. Теориялық білім арнайы сыныпта өткізіледі. Үміткерлерден әр күн сайын тестілеу алынады.
Бұл оқу әдісі арқылы бортсеріктердің ақпаратты қаншалықты меңгергені тексеріледі. Бортсеріктер 1,5 ай оқиды, соның ішінде 3 апта теориялық білім алады" – деді компанияның Ұшу қауіпсіздігін оқыту бойынша нұсқаушы Айым Абилова.
Теориялық кезеңнен соң бортсеріктер бүкіл құрал-жабдығы қамтылған Airbus 320 ұшағында тәжірибесін шыңдайды.
"Airbus 320 әуе кемесі дәлме-дәл жасалған. Мұнда бірнеше апаттық шығулары бар. Бортсеріктер апаттық жағдайда жұмыс істеуді іс жүзінде көріп, шынайы дайындалады. Егер апаттық жағдай болса, бортсеріктер жолаушылар арасында үрей туғызбай, тез арада жағдайды қолға алуды үйренеді. Эвакуация керек болса, жолаушыларды 90 секунд арасында ұшақтан шығару ережелерін анық орындап жаттығады.. Бастысы, - төтенше жағдайда арнайы нұсқаулық бойынша жедел әрекет ете білу, адамдарға дер кезінде қол созу", - деді Айым Абилова.
Қазіргі бортсеріктер мен ұшқыштар жылына бір рет білімдерін толықтыру үшін теориялық оқудан, ал үш жылда бір рет тәжірибелік дайындықтан өтеді. Мұның бәрі стандарттарға сәйкес."Әуе компаниясының ең бірінші мақсаты – жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан бұл сұрақты ең жоғарғы орынға қоямыз және мамандарды даярлау кезінде үнемі қайталаймыз", - деді ол.
Қауіпсіздік техникасы бойынша аға нұсқаушы Данара Сардарова бортсеріктер өрт қаупін алдын алуға қалай дайындалатынын айтты.
"Әуе кемесіндегі өрт қаупі бар жерлер мұқият тескеріледі. Тамақ жылытатын пеш, жолаушылардың орны және дәретхана - қауіпті аймақ болып саналады. Мұндай кезде жедел әрекет ету аса маңызды. Егерде жолаушылардың литий-иондық батареялармен жабдықталған жеке электрондық құрылғыларын өрт тұтатса , бортсеріктер бұл жағдайды да қолға алады. өрттің бұл түрін қалай сөндіру керектігін арнайы симуляторда жаттығады.
Оқу-жаттығудан өтетін бортсеріктерге арнайы құрылғы арқылы тапсырма беріледі. Олар күрделі әрі жеңіл деңгейдегі тапсырмаларға бөлінеді. Бортсерік қауіптің алдын алып, бар алгоритм бойынша әрекет етуге тиіс. Маман қауіп шыққан аймақта не болып жатқанын нақты түсініп, дұрыс шешім қабылдауы керек", - деді Сардарова.
Болашақ ұшқыштар Reality Seven симуляторында жаттыға алады. Кабинада ұшқыштар әуе кемесімен ұшу кезінде нақты қандай әрекеттер жасайды соны нақты әрі шынайы қайталайды.
L3 Harris компаниясының Reality Seven толық пилоттық авиасимуляторы ұшудың әртүрлі қырларын имитациялауға арналған еліміздегі бірегей жылжымалы ұшақ кабинасы. Оқу-жаттығу орталығының арқасында Air Astana компаниялар тобының 500-ден астам ұшқышы әуе компанияның операциялық өндірісінен қол үзбей елімізде қайта даярланатын болады.
AirAstanа әуекомпаниясы ұсынған материал
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!