Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Air Astana компаниясынан 1 миллиард теңгеден астам қаражат жымқыру және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру ісі бойынша шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас көлік прокуратурасының сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстық схеманы ұйымдастырушы 9 жылға, ал оның екі сыбайласы 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған. Сотталғандардың мүлкі тәркіленіп, бостандыққа шыққаннан кейін бес жыл бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруына тыйым салынды.
Сот жәбірленуші тараптың 1 миллиард теңгеден астам қаражатты өндіріп алу туралы азаматтық талабын да қанағаттандырды. Тәркіленген мүлік келтірілген шығынды өтеуге жұмсалады.
"Апелляциялық инстанция қорғаушы тараптың уәждерін қарап, үкімді өзгеріссіз, ал шағымдарды қанағаттандырусыз қалдырды", – деп мәлімдеді Бас көлік прокуратурасы.
Еске сала кетейік, бұған дейін бірінші сатыдағы сот үш айыпталушыны кінәлі деп таныған еді. Олар тағылған айыпты мойындамаған. Кейін сотталғандардан қымбат автокөліктер, элиталық пәтерлер, тұрақ орындары, ақшалай қаражат және криптовалютадағы активтер тәркіленгені белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!