- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Air Astana Астанада...
Air Astana Астанада ұшқыштарды даярлау орталығын ашты
Air Astana Астанада ұшқыштарды даярлау орталығының тұсаукесерін өткізді. Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) сертификаттаған Орталық Азиядағы алғашқы нысан халықаралық стандарттарға сай келетін алдыңғы қатарлы әуе тренажерлерімен жабдықталған.
Ұшқыштарды даярлау орталығы елорданың халықаралық әуежайы аумағында орналасқан. Тұсаукесер барысында Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер алдыңғы қатарлы әуе транажерлері авиакомпания үшін шұғыл қажеттіліктен сатып алынғанын айтты.
"Авиакомпания үшін мұндай заманауи әуе тренажер болуы - ұшқыштардың кәсіби деңгейін үнемі қолдауда басты қажеттілік. Сондықтан авиакомпания үшін айқын жоспарлар мен жоғары өсімді ескергенде, бұл - бірден-бір қажеттілік. Орталық Air Astana үшін жоғары тиімді активке айналып қана қоймай, Қазақстанның ұшу дайындығы саласында өңірлік көшбасшы болуына септігін тигізеді", - деді Фостер тұсаукесер барысында.
Айта кетейік, L3 Harris компаниясының Reality Seven толық пилоттық авиасимуляторы - ұшудың әртүрлі қырын имитациялауға арналған еліміздегі бірегей жылжымалы ұшақ кабинасы. Ұшқыш, емтихан нұсқаушысы Руслан Аюпов симуляторда ауа райын ғана емес, сонымен қатар, болуы мүмкін қандай да бір ақауды байқап көру мүмкіндігі барын айтты.
"Бұл симуляторда кез келген жағдайды, ұшақ жүйесі, гидрожүйе, электр жүйесі және т.б. бойынша кез келген ақауды байқап көруге болады. Сондай-ақ, ауа райын, тұман, бұршақ, жел, найзағай және т.б., жолақтағы мұзды байқап көру мүмкіндігі бар", - деді Аюпов.
Оқу-жаттығу орталығының арқасында Air Astana компаниялар тобының 500-ден аса ұшқышы әуекомпанияның операциялық өндірісінен қол үзбей елімізде қайта даярланады. Орталық тәулік бойы, демалыссыз жұмыс істейді.
"Қазақстанда, Астанада тренажер ашылуы - шынында да, зор жетістік. Мұны ұзақ уақыт армандадық және бүгінде бұл арман орындалды. Біз мұндай жобаларды қолдаймыз", - деді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.
Air Astana бортсеріктер мен ұшқыштарды оқыту аясында ұшақтан эвакуациялау мен өрт сөндірудің әртүрлі жағдайын имитациялайтын апаттық эвакуациялау (CEED) және өрт сөндіру (RFFT) тренажерлеріне инвестиция салды. Екі тренажер де 2023 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.
Материалды "Эйр Астана" АҚ ұсынған
Ж. Қадыржанова