95 көлік соқтығысқан жол көлік оқиғасы: шығын қалай өтеледі?

3 қаңтарда Астана - Щучинск республикалық тасжолының учаскесінде 95 автокөліктің қатысуымен ірі жол-көлік оқиғасы болды. Оқиға салдарынан 20 адам зардап шекті. Massaget.kz тілшісі заңгермен тілдесіп, оқыс жайт жайлы маман жауабын алды. 

Шығын қалай өтеледі?

Заңгер Қуат Ауғанбек апат салдарынан келтірілген шығынның өтелуі сот сараптамасынан кейін нақты белгілі болатынын айтты. Оның сөзінше, 95 көліктің әрқайсы сақтандыру полисімен әртүрлі келісімшартқа отыруы мүмкін. 

 "Әзірге жағдайдың неден болғаны, кімнің кінәлі екені белгісіз. Сот сараптамасынан кейін зерттеу, тергеу жұмыстарынан соң нақты баға беруге болады. Апатқа ұшыраған 95 көліктің әрқайсы сақтандыру полистерімен әртүрлі   келісімшартқа отыруы мүмкін. Егер жүргізуші кінәлі емес болып шықса, міндетті түрде төленеді. Оның өзінде, сақтандыру қаржысы мерзімінен өтпеген, уақытылы төленіп отырған болса, заң жүзінде барлығы өтелуі тиіс", - дейді заңгер. 

 

Сондай-ақ ол сот шешімі бәрібір кінәлі тарапты анықтайтынын айтты. Форс-мажор немесе табиғи апат себепкер деп жылы жаба салу мүмкін еместігін айтты. 

"Екіжақты деген мәселе шығуы да мүмкін. Мәселен, бір көлік алдындағы көлікті артынан соғып, сол көліктің артынан тағы біреу соғуы мүмкін. Бұл жағдайда "екіжақты" деп қарастырылады. Алдындағы көлікті соққаны үшін көліктің алдыңғы бөлігіндегі шығын өтелмейді. Артқы бөлігін келіп біреу соқса, ол үшін төленеді. Ал апат біржақты болса, яғни жүргізуші толық кінәсіз болса сақтандыру компаниялары шығынды өтеп беруге міндетті. Табиғи апат жағдайына келсек, егер сақтандыру полисімен келісімшарт жасасқанда табиғи апат үшін қаражат төлеген болса, шығын сөзсіз полистер тарапынан өтеледі. Барлығы заң жүзінде, келісімшартқа және тергеу нәтижелеріне сай жүргізіледі", - деп жауап берді маман. 

"ҚазАвтоЖолды" сотқа беру керек"

Заңгер жолға жауапты "ҚазАвтоЖол" компаниясын зардап шеккен тарап сотқа беруге құқылы екенін айтты. Маман өзі де осы тарапты ұстанатынын айтып, халықты бұл мәселеге бейжай қарамауға шақырды.  

"95 автокөліктің жүргізушілері және көлікте болған жолаушылар да "ҚазАвтоЖол" компаниясын сотқа беруі керек. Керек болса, мен де талап етер едім. Ақылы жол болған соң әр жүргізушіден қаншама ақша алып отыр. Олар жолдың сапасына, жағдайына толық жауап беруі керек. Жолдың қарды ерітіп тұратын функциялары, екі жағынан қоршауы жасалған болуы керек және үнемі тазаланып отыруы қадағалануы қажет. Қыстыгүні осындай жол апаттары жиі болып жатады. Жол тазаланбайды немесе жолға мал шығып кетеді. Ақылы жол болған соң жарық, жабық, таза болуы тиіс. Осындай шарттарды орындамағаны үшін зардап шеккен тарап жауапты ұйымды сотқа беруге толық құқылы", - деді Қуат Ауғанбек. 

сурет: depositphotos.com

"Кінәлі тарап сөзсіз анықталады"

Жолдың жабық екені ескертілген болса, ескертуді елемеген жүргізушілерге белгілі бір шара қолданылуы керек пе? Бұл жағдайда ескерту берген жауапты орган мойынсұнбаған азаматтарға шағымдана ала ма?

"Жауапты ведомство азаматтарға шағым түсіре алмайды. Өйткені азаматтардың бәріне ескерту берілгені ешқандай жағдайда дәлелденбейді. Олардың біріне хабарлама келіп, енді біріне ауа райына қатысты ескерту жасалмаған болуы мүмкін. Бұл жағдайды ешкім дәлелдеп бере алмайды. Азаматтардың бұған қарсы жауабы болады. Сол себепті мұның бәрі тергеу жұмыстары кезінде анықталады. Бәлкім, бірінші жүргізуші ұйықтап кетуі де мүмкін. Алғаш соғылған көліктің салдарынан бірнеше көлік зардап шеккен болуы мүмкін. Жағдай толық зерттелуі керек. Табиғи апат, форс-мажор деп жаба салу болмайды. Әйтеуір кінәлі тарап анықталатыны сөзсіз", - деп жауап берді заңгер. 

сурет: depositphotos.com 

Оқиға қалай болды?

Алдын ала мәліметтер бойынша жүргізушілердің жылдамдық режимі мен қауіпсіз қашықтықты сақтамауынан 3 қаңтар күні, сағат 13:28-де жолдың 153-шақырымында, Жаңаталап ауылы маңында шамамен 95 көлік жаппай жол апатына түскен.

ТЖМ ресми мәліметіне сәйкес оқиға орнына вице-министр Кеген Тұрсынбаев бастаған ведомство басшылығы да барды. Авариялық-құтқару жұмыстары барысында 86 адам, оның ішінде 14 бала құтқарылды және эвакуацияланды. Олар Астана қаласына бара жатқан машиналармен және ТЖ көлігімен жөнелтілді.

Медициналық мекемелерге 21 адам жеткізілді, өздері жүгінген азаматтар да бар, оның ішінде 11 адам ауруханаға жатқызылды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге ТЖМ, ІІМ, жол қызметтерінен 152 адам және 68 бірлік техника жұмылдырылды. Жылыту пункттері ашылып, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.

Астана қаласына қарай 600-ден астам техникадан тұратын колоннаны алып жүру ұйымдастырылды.

Қазақстан ТЖМ құтқарушылары Макинск қаласындағы станцияға 16 азаматты, оның ішінде 8 баланы жеткізді. Азаматтар Астана - Щучинск тасжолының учаскесінен эвакуацияланған болатын. Олар теміржол көлігімен Астанаға жөнелтілді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!