3 қаңтар күні, Астана-Щучинск тасжолында 95 көлік пен 20 адам зардап шеккен ірі жол-көлік апаты болды. Ішкі істер министрлігі 6 қылмыстық және 37 әкімшілік іс қозғалғанын, сондай-ақ негізгі тергеу қандай бап бойынша жүргізіліп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғасы бойынша Қылмыстық кодекстің 353-бабының 1-бөлігі "Қолданыстағы көлік қозғалысы ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.
"Қылмыстық кодекстің 345-бабы 1-бөлігі бойынша "Жол қозғалысы ережелерін жол қозғалысына қатысушылардың бұзуы салдарынан абайсызда орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру" бойынша 6 іс қозғалды. Әкімшілік заңнама аясында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 610-бабы бойынша "Көлік құралдары жүргізушілерінің жол қозғалысы ережелерін бұзуы, бұл адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарына немесе басқа мүлікке зақым келтіруге әкеп соққан жағдайлар" бойынша 37 әкімшілік іс қозғалды", - деп хабарлады ІІМ.
Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта жоғарыда аталған қылмыстық істер бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша түпкілікті процессуалдық шешімдер қабылданады.
Құқықбұзушылыққа жол берген тұлғаларды және олардың тұрғылықты жері жайлы сұраққа департамент жауап берген жоқ. Ішкі істер министрлігі де Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабын негізге алып, оқиғаға кінәлі күдіктілердің ұсталған-ұсталмағаны туралы түсінік беруден бас тартты.
Еске салайық, 3 қаңтарда Астана - Щучинск тасжолында 40 көлік соқтығысты. Ақмола облысы Біржан сал ауданының Қоғам ауылы мен Қаратал ауылы арасында күн (боран) бұзылды. Кейінірек Астана маңындағы тасжолда соқтығысқан көліктер саны 95-ке жетті. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" мәлімдеді.
"ҚазАвтоЖол" АҚ хабарлауынша, ауа райының нашарлауына байланысты таңғы сағат 07:20-да Астана-Петропавл республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесі (18-232 шақырымдар) жабылды. Ауа райы жақсарып, сағат 12:30-да жол тазартылған соң, полиция бөлімінің қызметкерлері мен арнайы техниканың көмегімен Щучье бағытында қозғалыс ұйымдастырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!