Бүгін Газадан қазақстандықтарды эвакуациялаудың бірінші кезеңі жүзеге асырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нәтижесінде "Рафах" бақылау-өткізу пункті арқылы Газа секторынан Мысыр аумағына 92 Қазақстан азаматы мен олардың отбасы мүшелері өтті.
"Қазақстандық дипломаттар отандастарымызға барлық қажет консулдық-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Шекарадағы рәсімдерден кейін біздің азаматтарымыз колонна құрамында жолға шықты және жақын арада Каир қаласына жетеді", - делінген хабарламада.
Қазақстан азаматтарын Газа секторынан эвакуациялау кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр. Осы орайда қазақстандық дипломаттар Израиль, Мысыр, Палестина ұлттық әкімшілігінің құзыретті органдарымен және басқа да халықаралық ұйымдармен қалған отандастарымызды анклавтан эвакуациялау бойынша жұмысты жалғастыратыны хабарланды.
Қазақстандықтар Газа секторынан Каирге аман-есен жеткізілгеннен кейін ҚР Үкіметі оларды елге жеткізу үшін эвакуациялық борт жолдайды.
Еске салайық, бұған дейін Газа секторынан 44 қазақстандықты эвакуациялау басталғаны хабарланды. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.
Тағы да оқи отырыңыздар: Сақтардың салт-дәстүрлері мен діни нанымдары қандай болды?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!