- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 90-жылдары тұрғындарды үрейде...
90-жылдары тұрғындарды үрейде ұстаған: 25 жылға сотталған адам бостандыққа шықты
СҚО-да 25 жылға бас бостандығынан айырылған адам бостандыққа шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.
Солтүстік Қазақстан облысында қарақшылық, зорлау, ұрлық секілді қылмыстар және кісі өлтіргені үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылған ер адам 25 жылдан кейін бостандыққа шықты. Бұл оқиғадан тұрғындардың мазасы кетіп, алаңдаушылығын туғызды.
Тоқсаныншы жылдардың соңында Петропавл тұрғындарын үрейде ұстаған қылмыскердің қолынан 10 әйел мен бір кішкентай қыз зардап шеккен. 1999 жылы қолға түскен оған кесілген жаза 25 жылды бүгінде толық өтеп, бостандыққа шығып отыр.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қаласының 60 жастағы тұрғыны 12 қаңтарда бас бостандығынан айыру орындарынан босап шықты. Алайда оған соттылығы толық өтелгенге дейін 8 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленген.
Бостандыққа шыққаннан кейін ер адам облыс орталығына келген соң әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды. Полиция оны "әкімшілік қадағалауда тұрған адам" санаты бойынша профилактикалық есепке алды.
Сот есепте тұрған адамға қатысты бірқатар шектеулер белгіледі: тұрғылықты үйінен сағат 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін қала сыртына шығуға болмайды, ішімдік пен есірткі тұтынуға, демалыс орындарына баруға тыйым салынады. Белгіленген талаптарды бақылау үшін электрон бақылау құралы, яғни электрон білезік қолданылды.
"Оны тексеру кестесі жасалды. Жергілікті полиция қызметі, криминалдық полиция бөлімінің басшылығы, сондай-ақ, аймақтық жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары жауапты болып тағайындалды", - деді полиция қызметкерлері.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова