9 миллион теңге сұраған: бүйрегін сатпақшы болған атыраулық жігітке қатысты сот басталды

9 миллион теңге сұраған: бүйрегін сатпақшы болған атыраулық жігітке қатысты сот басталды
Фото: Видео кадры/ КТК телеарнасы

Ақтөбеде бүйрегін сатпақшы болған атыраулық жігітке қатысты сот басталды. Ол қарызға белшесінен батып, "ішкі ағзамды саудалаудан басқа амалым қалмады" деді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

28 жастағы Атырау тұрғыны қазір қолхатпен бостандықта жүр. Ол жарты жыл бұрын әлеуметтік желіге бүйрегін сататынын айтып, хабарландыру беріпті. Алғашқыда жұрт әзіл болар деп қабылдаған.

Екі айдан соң ақтөбелік келіншек ағасы үшін донор керегін айтып, саудаласып көреді. Атыраулық та сөзге келместен, бір бүйрегіне 9 миллион теңге сұрап, медициналық тексеруге кетер шығынды да қосады. Артынша Ақтөбеге жолға шығады. Осында ағзасын сатып алатын әйелмен кездесіп, алдын ала 5 миллион теңгені алып жатқан сәтте ұсталды. Ал саудаласқан әйел тәртіп сақшылары жіберген адам болып шыққан.

Сотталушы сот басталған бойда "қалжың еді" деп ақталмақ болып, кейін қарызға қарыз жамалып, жағдайының қиындап кеткенін айтты. Кінәсін де толық мойындап отыр.

"Орынбасаров Атырауда бола тұра, өз еркімен ішкі істер органдарына көмек көрсеткен Ақтөбе тұрғыны Толғанай Бекешовадан өз бүйрегін сатып алатыны туралы ұсыныс алып, ағзасын 9 миллион теңгеге бағалап, заңсыз жасалған келісімнен кейін пайдакүнемдік ниетпен қасақана, тірі адам ағзасын заңсыз сатуға қатысты заңсыз мәміле жасау қылмыстық ойын аяғына дейін жеткізу мақсатында Ақтөбеге баруға келісім берген", - деді мемлекеттік айыптаушы Әділет Кенжалы.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан