- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 9 мамыр. Соғыс...
9 мамыр. Соғыс туралы өлеңдер
Ұлы Отан Соғысы Кеңес Одағы тұсындағы талай ақын-жыршылар шығармашылығына арқау болды. Мұның ішінде ел мен жерде жүріп, жеңіске тілектес болған қаламгерлер да, аласапыран майданда қан кешіп жүріп Отанын, халқын жырлаған ақындар да болды.
Жеңіс күніне орай шығарылған ақындардың бірқатар өлеңдерін ұсынамыз.
Қасым Аманжолов
Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды кырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.
Үстімде сүр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма
Оңайлықпен мені өлім!
Үстімде сүр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім, өлеңім.
Үстімде сүр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Ұмытса да достарым,
Ұмытар ма мені елім!
Сырбай Мәуленов: Соғыстан қайтқан солдаттар
Жаутаңдап қарап дала тұр,
Көз жасын сүртіп жаңа бір.
Хабарсыз ұлын сұрауға,
Жолыңды тосып ана жүр.
Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар.
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Кешікпей жарым келер деп,
Төрінен сайлап орынды.
Батысқа қарап елеңдеп,
Ару жүр тосып жолыңды.
Көтерді бәрін ауырдың,
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Кетерде солдат жарының,
Ішінде қалған ана жыл.
«Көкемді айтпай танырмын», -
Деп бір сәби бала жүр.
Қайрылмай қалай кетесің,
Хабарсыз қалай ол тоқтар?
Көрдің бе оның көкесін,
Соғыстан қайтқан солдаттар?
Ғафу Қайырбеков: Жеңіс солдаты
Соққанда жылына бір Жеңіс күні
Жаныңың жазылғандай кеңістігі,
Қарт солдат өз полкінің туын ұстап,
Білдірмей жалғыз аяқ кемістігін.
Алаңға шығушы еді таңғы шақта,
Полктас бауырларын сан құшақтап.
Сүйісіп, амандасып болғаннан соң,
Қасқайып тұрушы еді алғы сапта.
Соңынан тізілетін жауынгерлер,
Отанның әр тұсынан келген ерлер,
Жарқырап өңірінде ордендері,
Бір кезде алып берген елге бедел.
Бір кезде алып берген елге Жеңіс,
Сабаздар бірте-бірте келмей тегіс,
Жыл санап сирек тартып бара жатты,
Сарқылып сабасынан бейне теңіз.
Қырық жыл, қырық қатар жиналысқан
Сағынып, бір-біріне түу алыстан.
Туған жер аспанында айқұш-ұйқыш
Жол қалып, қарт бүркіттер зулап ұшқан.
Кездесіп тоғызыншы май мейрамында,
Алысқан ғарасаттың майданында.
Еске алып ескі жорық асуларын,
Қанатын қараушы еді жайған туға.
Ал бүгін... Өзге полк солдаттары
Қатарға тұрып жатыр аңдап бәрі...
Олар да түгел емес, сиреп кеткен
Кешегі бір-бір үйдің шаңырақтары.
Жалғыз тұр жалғыз аяқ мына солдат,
Төмендеп, көтерілмей туы аспандап,
Жалғыз тұр...
Әлі келген бір адам жоқ,
Жаңғырып дуылдайды тулап жан-жақ.
Сағаттар зырылдайды, ағады уақыт,
Өмірдің баянсызын баяндатып,
Байлайды бір орында қарт солдатты,
Әлі де қайран үміт алаңдатып.
Жоқ ешкім. Күн еңкейді, жұрт азайды...
Қанатын түн жетектегі бұлт та жайды.
Еңіреп қоя берді бетін басып,
Солдаттың бар үмітін жұтты қайғы.
Дегендей "бұлттан бұрын мен жауайын",
Көз жасын соңғы тамшы қан жуайын.
Дегендей солқ-солқ еткен кеудесінен
Көк тасқа тамды қасірет, тамды уайым.
Қайтадан сол тамшыны бір сіміріп,
Қараған өзге жұртты күрсіндіріп,
Көп талған күні бойы жалғыз аяқ
Кешкі ымырт қойнауына кетті кіріп.
Дейтіндей мезгіл емес - ертең-бүгін
Еске алдым қырық төрт жыл өткендігін.
Дәл бүгін сол солдаттай ұққан жан жоқ
Жалғанда жалғыздықтың не екендігін!
Мұқағали Мақатаев: Көзің нұрсыз дейсің сен
...Содан бері шыныммен жыламадым,
Сүріндім ғой, қойшы оны, құламадым.
Көзің нұрсыз дейсің сен өлде әзілің,
Әлде бір шыныңмен-ақ сынағаның.
Оның рас, несіне қынжыламын,
Нұрсыз көздің көрсеңші тұнжырауын.
Жанарымның жартысы ағып кеткен,
Себебі, бір-ақ рет шын жыладым.
...Аттанды әкем жау туын құлатуға,
Қуат берсін, жетсін бір мұратына.
Желе жортып, артынан ілестім мен,
Қонып алып әкемнің құла атына.
Ақпан еді, бүріккен үскірігін,
Шырылдатып бұрқасын ысқырығын.
Ес білгелі ең алғаш жылағаным,
Кешіргейсің, есіме түсті бүгін.
Жылайын деп онда мен жыламадым,
Шыдамадым, қайтейін, шыдамадым,
Алпамыстай әкемнің өкіріп кеп,
Көріп қалдым шанадан құлағанын.
Болсам-дағы тұңғышы, шөлдегені,
Маңдайымнан иіскеп көрмеп еді.
Өкіріп кеп, аймалап, жылап жатыр,
Тік көтеріп қойды да жерге мені.
Өзі күйреп жатқанда шаңырағым,
Шыныменен сонда мен аңырадым.
Өкіргенде тау тұрды күңіреніп,
Сондағы Әке, қазіргі Аруағым.
Қауым келіп, қаумалап, алып кеткен,
Қап-қараңғы дүние, жарық кеткен.
Көзің нұрсыз дейсің сен,
Сонда менің,
Жанарымның жартысы ағып кеткен...