9 жыл бұрын Ресейде жасалған қанды қылмыс: семейлік тергеуші істі соңына жеткізді

9 жыл бұрын Ресейде жасалған қанды қылмыс: семейлік тергеуші істі соңына жеткізді
Фото: Абай облысы ПД

Абай облысында Ресей аумағында жасалған кісі өлімі бойынша тергеу аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Өңірдің Полиция департаментінің Тергеу басқармасы 2015 жылы Ресей Федерациясы аумағында жасалған аса ауыр қылмыс бойынша қылмыстық істі тергеуді аяқтады. Бұл қылмысты алдын ала сөз байласқан төрт адам жасағаны анықталған. Күдіктілер қымбат көлікті сатып аламыз деген сылтаумен оның иесімен кездесу ұйымдастырған. Кездесу барысында олар ер адамға шабуыл жасап, пышақ жарақаттарын салған, кейін қылмыс ізін жасыру және қылмыстық ойын соңына дейін жеткізу мақсатында жәбірленушіні көлікпен қағып кеткен.

Алған жарақаттарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмған. Қылмыс жасағаннан кейін күдіктілер көлікті иемденіп, оқиға орнынан бой тасалаған.

Тергеу барысы

Қылмыс жасалғанына шамамен тоғыз жыл уақыт өтсе де, қылмыстық топтың барлық қатысушысын анықтау бағытындағы жұмыс тоқтамаған. Тергеу Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл арқылы жүргізілген.

Абай облысы Полиция департаменті Тергеу басқармасының тергеушісі Ажар Сартова ауқымды әрі мұқият тергеу жүргізген. Тергеу барысында куәлар мен қылмысқа қатысы бар адамдардан жауап алынған, қылмысқа қатысушылар арасындағы хат алмасулар зерделенген, бейнебақылау камераларының жазбалары тексерілген. Тергеу нәтижесінде ұзақ уақыт бойы құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген соңғы күдіктінің жүрген жері анықталған.

Оған халықаралық іздеу жарияланып, 2024 жылы Алматы қаласында ұсталды. Бұған дейін қылмысқа қатысқан үш адам сотталған болатын. Олардың бірі Ресей Федерациясы Барнаул қаласындағы сот үкімімен, қалған екеуі Шығыс Қазақстан облысы сотының үкімен сотталған.

Сот үкімі

Соңғы күдіктіге қатысты қылмыстық іс аяқталып, сотқа жолданған. Нәтижесінде Абай облысының соты күдіктіні адам өлтіргені және қарақшылық шабуыл жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 17 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget