Жоғалып кеткен азаматтың аты-жөні Тасқын Мұратжан. 1987 жылы туған. Тасқынның жоғалып кету тарихы да ойламаған оқиғадан туындапты.
Қытайға қарасты Іле аймағы, Шапшал ауданы, Үкірші деген ауылда тұратын Тасқын жүк машинасын айдап келе жатқанда, дәл алдынан кішкене бала шыға келеді. Баладан жасқанған шопыр көлігін жан-дәрмен бұрып қалады. Машина жолға жақын тұрған ескі тамға соғылып тоқтайды.
Алайда, «баланы басып кеттім» деп ойлаған Тасқын көлігін өшірмеген күйі тастайды да, алды-артына қарамай басы ауған жаққа кетеді (хабарламада шығыс жаққа делінген). Міне, содан бері оның із-тозынан бір дерек жоқ. Ал, бала аман екен. Көлік оны соқпаған.
Мобильдік үнхат текшесі арқылы хабар таратқан туыстары Тасқынды әлі іздеп отыр. «Ағамның кеткеніне міне 9 жыл болды. Ешқандай хабар жоқ. Сол жылы жаңадан үйленіп, бауырына қазан асып еді. Жұбайының құрсағында дүние есігін әлі шапаған сәбиі қалған. Жарты жылдан кейін жеңгем қыз балалы болды. Ес білген сайын ол да «менің әкем жоқ па, әкем қайда?» деп сұрай береді. Әкем мен шешем болса іштей тынып, жоғалған баласы келіп қалатындай, өлмес үмітпен жасап келеді. Басымызға түскен қайғы есеңгіретіп, әр күініміз ағамды іздеумен, ұйқы-күлкісіз өтіп келе жатыр. «Әке қайдасың, балам қайдасың, жаным аға, қайдасың!» деп іздеуімен келеміз. Аға, сіз осы хабарды көрген болсаңыз, үйге тезірек оралыңызшы! Әке жүзін көрмеген сәбиіңіз, әке-шешем сізді төрт көзбен күтіп отыр. Олардың да денсаулығы күннен-күнге нашарлап барады. Тек бар үміті сені келеді деп алдану ғана.
Құрметті қандастар, мейірімді жандар! Менің ағамды көрген болсаңыздар бізбен хабарласыңыздаршы. Осы хабарды таратыңыздар, жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын!» дейді үнхат текшесіндегі хабарламада Тасқынның қарындасы Гүлзина.
Соңында байланыс нөмірлері көрсетілген:
152 990 34 358 әкесі Мұратжан.
182 992 73 141 шешесі Айгерім.
138 997 129 17 қарындасы Гүлзина
Дереккөз: baq.kz