9 жасар бала әткеншектен құлап, көз жұмды

Ақтөбе қаласында 9 жастағы бала тұрғын үй ауласындағы әткеншектен құлап, қайтыс болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қайғылы оқиға кеше кешкісін болған. Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жедел жәрдемге 19:02-де хабарласқан. Жедел жәрдем бригадасы 19:09-да оқиға орнына жеткен. Қатты соққыдан баланың басы жарылып, омыртқасы мен қабырғалары сынған.

"Жедел жәрдем келгенше бала ес-түссіз жатқан, куәгерлер оның жүрегіне массаж жасаған. 103 қызметінің маманы балаға 30 минут бойы реанимациялық көмек көрсетуге тырысқанымен, нәтиже болмады. Өлім бас сүйегінің ашық жарақаты, бас сүйегінің негізінің сынуы және мойын омыртқасының жабық сынуы нәтижесінде орын алды. Жедел жәрдем келгенге дейін кеуде қуысының қысылуының салдарынан жабық қабырға сынуы мен пневмоторакс пайда болды", - делінген Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!