“870 млн сұрап отырсыздар, ал былтыр жер сілкінісінде жұрт қақаған қыста далада тұрды“ - депутат

Мәжілісте депутат Нартай Аралбайұлы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтен сейсмикалық орталықтардың жайы туралы сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілісте министр "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде баяндама жасады.                         

Депутаттың сауалы

Депутат Нартай Сәрсенғалиев заң жобасында министрлік өзіне сейсмологиялық мониторинг жүргізу бойынша уәкілеттілік алып отырғанын мәлімдеді.

"Былтыр Алматыда болған бір емес, екі бірдей жер сілкінісі кезінде халық қақаған қыста далада тұруға мәжбүр болды, жылы киімін киіп үлгермеген де жұрт болды. Себебі оларға уақытылы алдын ала жер сілкінісі болады деген ақпарат келген жоқ, не істеу керек екені туралы да тиісті ақпараттық жұмыстар жүргізілмеген", - деді ол.

Нартай Аралбайұлы министрден сейсмикалық орталықтарды жаңадан салу мүмкіндігі туралы сұрады.

"Одан да сорақысын білесіз. Мемлекет басшысы Алматыдағы жағдайды бақылап, одан кейін арнайы мәлімдеме жасаған кезде елімізде 70 сейсмологиялық станция бар екенін айтты. Оның алтауы мүлдем жұмыс істемегенін де айтты. Елімізге 285 сейсмологиялық станция қажет екенін тілге тиек етті. Осылай сынай келіп, сіздің ведомствоның жұмысындағы нақты бір мәселені айтты: "Алматыдағы жағдаятқа қарап, елімізде өткізілген 27 мың сейсмикалық жаттығу мен 2500 семинардың да ешқандай пайдасы болмады" деді. Осыдан сіздерде қорытынды шықты ма? Сейсмикалық орталықтарды жаңадан салу мүмкіндігі бар ма? Өйткені заң жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 873,2 млн теңге сомасында қаражат сұрап отырсыздар. Осы қаражаттың ішіне салынған ба?" - деп сұрады ол.

Министрдің жауабы

Төтенше жағдайлар министрі жер сілкінісін болжайтын құрал ешбір елде жоқ екенін мәлімдеді.

"Жер сілкінісі бойынша соңғы жер сілкінісі болған кезде Мемлекет басшысы да, басқа жауапты тұлғалар да біздің жұмысымызға оң баға берді. Барлық алгоритм жұмыс істеді. Ақпарат жүйесі уақытылы ақпарат берді. Мысал ретінде алатын болсақ, Алатау оңтүстік базасын құрдық. 173 гектар жерде арнайы шатыр қалашығын құруға дайын екенімізді көрсеттік. ...Мойындауымыз керек, жер сілкінісін болжау, нақты ақпарат беру қазіргі таңда мүмкін емес. Бірде-бір елде ондай ақпарат жүйелері жоқ. Сондықтан дұрыс шешімдер қабылдап, дұрыс алгоритмдер орындауымыз керек деп ойлаймын", - дейді шенеунік. 

Бұған дейін Алматыда ірі жер сілкінісі қашан болды?

Алматы тұрғындары 2024 жылы 23 қаңтарда жер сілкінісін сезді. Түн ішінде болған дүмпу халықтың үрейін ұшырып, біраз уақытқа дейін қорқыныш қалып қойды.

Көктем басталысымен, 2024 жылы 4 наурызда қалада тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Бұл да қала тұрғындары мен қонақтарын үрейлендірді.

Еске салайық, бұған дейін белгілі профессор Әлқуат Нұрмағамбетовпен сұхбаттасып, Алматыдағы жер сілкіністерінің ғылыми негізі туралы сұраған едік. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!