Ақтау әкімдігі жұмыс істемейтін әжетханаларға 87 миллион теңге жұмсады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне сілтеме жасай отырып.
Ведомствоның хабарлауынша, әлеуметтік желілерге мониторинг барысында Ақтау әкімдігінің қала жағалауында бес қоғамдық әжетхана орнатқаны көрсетілген. Бірақ тұрғындар оларды пайдалана алмаған.
"Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті мемлекеттік сатып алу бойынша тексеріп, модульдік әжетханаларды орнату бойынша орындалған жұмыстар актілеріне қол қою рәсімдеріндегі сәйкессіздіктерді анықтады. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі нақты жұмыстар орындалмағанына қарамастан, шартқа қол қойылғаннан кейін екі күн өткен соң орнатушы компанияға 87 миллион теңге көлемінде толық соманы аударды", - делінген хабарламада.
Бұл факт тіркеліп, тиісті тексеру жүргізу үшін ішкі мемлекеттік аудит департаментіне жіберілді.
"Аудиторлық тексеру нәтижелері бойынша заң бұзушылықтар расталған жағдайда, заңда белгіленген тәртіппен шаралар қабылданатын болады", - деп атап өтті Маңғыстау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті.