85 жастағы қызылордалық қария 2 миллион түп ағаш еккен

85 жастағы қызылордалық Бектай Сүлейменов бағбандықты қолға алғалы шамамен 2 млн түп ағаш еккен. Қарттығына қарамастан ол әлі күнге күрек-кетпенін қолынан тастаған емес, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақсақал тал отырғызуды 12 жасынан бастаған екен. Содан бері қара жерге қадаған көшетінің саны 2 млн-ға жетіпті. Қарт бағбанның қала сыртында тұрып жатқанына 34 жыл болды. Осы күні қарамағындағы 25 гектар жердің 8 гектары жайқалып тұр.

"Әуелгіде 4-5 сотық жерді шағын насоспен суару арқылы егуден бастадым. Қазір мұнда алма, алмұрт, шие, сары өрік, қара өрік, жиде, жүзімнің үш-төрт сорты, тағы басқа жеміс ағаштары өсіп тұр. Таулы жерде өсетін арша, бот арша, боз арша сияқты қылқан жапырақтыларды, қарағай, қайыңды да жерсіндірдім", - деді орманшы.

Бектай ақсақал өзінің бағынан бөлек Қызылорданың бірнеше көрікті орнын көркейтіп-көгалдандыруға үлес қосты. Жастайынан бейнетке бейімделген оның шаруасына қазіргі күні балалары мен немерелері қолғабыс жасап жүр.

Назерке САНИЯЗОВА

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз