Былтыр Қарағанды облысында 828 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 11 пайызға төмен. Дейтұрғанмен, тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алу заңсыздығы 7 пайызға артып отыр. Біздің облыс бұл келеңсіздік бойынша көш басында деп хабарлайды, - деп хабарлайды арқадағы Massaget.kz тілшісі.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері биылғы жылдың алғашқы отырысын өткізді. Алдымен, мемлекеттік органдардағы тәртіптік комиссия жұмысын қорытындылады. 2022 жылы нақты саны 828 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны үшін 20 қызметкер жауапкершілікке тартылған. Бұл бойынша көрсеткіш өткен жылғыдан 30 пайызға артыпты. Қызметінде кемшілік жіберіп, әдептен озып, жазалы басқандарды заң талабына сай жазалау бар және ол тәртіптік жазалар мерзімінен бұрын алынбауы тиіс. Алайда, соңғы екі жыл қатарынан бізде тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу, яғни 3 ай өтпестен қызметшіні жазадан босату жиілеген.
"2021 жылмен салыстырғанда тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастау 7%-ға,ал 2020 жылмен салыстырғанда 40%-ға артып отыр. Департамент тарапынан тәртіптік жазалау мерзімін жиі бұзатын мемлекеттік органдар анықталды. Бұл істе пайызы айрықша жоғары органдар - Соттар әкімшілігі 83 пайыз, Абай аудандық әкім аппаратында 80 пайыз. Қарағанды қалалық әкім аппаратында тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу көрсеткіші 78 пайызды құрап отыр" дейді ҚР МҚІА Қарағанды облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Медет Ильяс.
Мерзімінен бұрын алынып тасталған тәртіптік жазалардың саны бойынша біздің облыс алғы шепте. Мемлекеттік органдар тәртіптік жазалау үдерісі бойынша тоқсан сайын департаментке есеп беріп отырады. Бірақ, сол есептің дұрыс ұсынылуы мен ақпараттың растығына қатысты кемшілік бар деді баяндамашы.
Мемлекеттік қызметкерге тәртіптік жазаны тағайындауда да процедуралық заңсыздық орын алған. Бұл тараптағы кем-кетік іс Бұқар жырау ауданында, Теміртау қалалық әкім аппаратында тәркеліпті. Әдеп жөніндегі кеңес отырысында тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу, жаза тағайындау барысында заңсыздық жіберген мемлекетік орган өкілдері сұралды. Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы олқылықты болдырмауды қадап айтты.
Жандос Бақытұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!