Атырауда екіқабатты үйден өрт шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
17 қарашада 15:10 сағатта Атырауда, Байтақ ықшамауданындағы екіқабатты жеке тұрғын үйлердің бірінде түтін шыққаны туралы шақырту түсті.
Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дереу шақырту орнына жетіп, тұрғын үйден шыққан өртті сөндірді.
Өрт сөндіру кезекшілік қызметінің жедел кезекшісі азаматтық қорғау майоры Нұрлыбек Жұмабиденұлы Қатапов кезекшіліктен тыс уақытта өрт шыққан үйдің маңынан өтіп бара жатып, дереу өрт шарпыған үйге кірген. Нәтижесінде өрт ошағында қалған 81 жастағы қарт әжені көтеріп, қауіпсіз жерге шығарып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырған.
81 жастағы қария өрт салдарынан 3-дәрежелі күйік алғаны анықталды. Қазір жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлердің бақылауында.
"Атырау облысы ТЖД 20 қызметкері мен 4 бірлік техникасы оқиға орнында өртті сөндіруге жұмылдырылды. Өрт сағат 16:29-де сөндірілді", - делінген хабарламада.
Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.
Тағы да оқи отырыңыздар: Әлемдегі ең қымбат үй қанша тұрады?
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!