Шымкенттік мектеп оқушылары жер шарының түрлі белдеуінде өсетін жеміс пен көкөністі, гүл мен ағаштарды жерсіндіріп, жылыжайда өсіріп жатыр. Олар өскіндерді тек күтіп-баптап қана қоймай генетика мен биотехнология, IT саласының жетістіктерін пайдаланып, ғылыми жобалар жасауға кіріскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv арнасына сілтеме жасап.
10 сыныпта оқитын Нұрлыбек Қошқаров екі жылдан бері жылыжайда тропикалық жемістің бірнеше түрін өсіруде. Қазір мұнда цитрус жемістерден бастап лавр, ананас және киви көшеттері жайқалып тұр. ІТ саласын жетік меңгерген шәкірт ылғалдандыру, жарықтандыру, жасанды тұман түзу сияқты күтіп баптау жұмыстарын автоматты жүйемен басқаратын етіп алған.
"Біз өзіміздің жұмысымыздың 50 пайызын қолмен істесек, қалғанын технология арқылы істейміз. Егер норма өз қалпынан түсіп немес жоғарыласа барлығы автоматты түрге ауысады", - деді оқушылардың бірі Нұрлыбек Қошқаров.
Пирамида пішіндес жылыжай іші үш аймаққа бөлінген. Субтропикалық белдеудің іші 4 пен 20 градус аралығында жылы. Мұнда анар, құрма, інжір, бадам ағаштары бүршік жарып келеді. Сондай-ақ қоңыржай климатта аквапоника тәсілімен егілген көкөністердің тамыры жалаң күйде сумен өсіп-өнуде.
"Біз үнемі осы жерге келіп, экспериметтер жасаймыз. Соның арқасында түрлі көкөністердің құрылымын, құрылысын білеміз. Оларда қандай дәрумендер бар екенін барлығын толықтай біле аламыз", - деді оқушылардың бірі Қазына Рүстемова.
Мектептің биологиялық зертханасында қазір 800 түрлі өсімдік жайқалып тұр. Шәкірттер мен ұстаздар бірлесіп 100-ге жуық ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!