800 мың теңге: Павлодарда жаңа туған нәрестесін саудалаған әйел сотталып кетті

Павлодарда жаңа туған нәрестені сату дерегі бойынша сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Түркістан қаласының 2002 жылы туған тұрғыны материалдық қиындықтарға байланысты жүкті кезінде дүниеге келмеген баласын сатуды жоспарлаған. Ол осы мақсатта ВКонтакте желісіндегі "Бала асырап алғым келеді" атты қауымдастықта хабарландыру жариялап, сатып алушы тауып, жаңа туған қыз баланы 800 000 теңгеге сатуға келіскен.

28 наурызда әйел Павлодар облыстық №1 перинаталдық орталығында дені сау қыз баланы дүниеге әкелген.

Қала прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары және жасырын тергеу әрекеті барысында қылмыстық әрекет әшкереленген. Жедел іс-шара шеңберінде сатып алушы рөлін атқарған тұлғаға сериялық нөмірлері алдын ала тіркелген ақша берілген.

31 наурызда Павлодар қаласындағы пәтерлердің бірінде әйел жаңа туған нәрестені медициналық құжаттарымен бірге сатып алушыға тапсырып, 100 000 теңге көлемінде сыйақы алған.

Сот үкімі

Павлодар қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен әйел ҚК-нің 135-бабы 1-бөлігі ("Кәмелетке толмағандар саудасы") бойынша кінәлі деп танылып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

ҚК-нің 74-бабы бойынша тағайындалған жазаны өтеу мерзімі 5 жылға кейінге қалдырылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!