- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "80 трлн теңге"....
"80 трлн теңге". Жеке кәсіпкерлер пайда тауып, салық төлемей жүр
Мобильді аударымдар арқылы 80 трлн теңге аударылған. Алайда жеке кәсіпкерлер бұл қаржыдан тиісті салықты төлемеген. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2023 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елімізде 1 млн 400 жеке кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде нөлдік көрсеткішті 944 мың салық төлеуші көрсетті. Бұл – 67 пайызға тең, ал 37 пайызы салық төлеп жүр. Қалған 67 пайызы салық төлемейді, нөлдік көрсеткіш көрсетеді. Ұлттық банктің дерегіне жүгінсек, банк карточкасы арқылы 55 трлн теңге аударылған, ал мобильді аударымдар айналымы – 80 трлн теңге. Түсінесіз бе? Бірақ бұл қаржыдан салық төленбеген. Осылайша, жергілікті бюджетке шығын келіп жатыр", - деді Ержан Біржанов Сенаттың жалпы отырысынан соң.
Министрдің орынбасары бюджетке салықтың уақытында түсуі қарапайым халық үшін маңызды екенін атап өтті.
"БАҚ өкілдері, сіздерді елге ақпаратты дұрыс жеткізуді сұраймын. Біздің ең бірінші стейкхолдеріміз – халық. Оларға осы қызмет керек. Олардың балалары жарық, жылы мектепте оқып, сапалы ем алуға тиіс. Егер жеке кәсіпкерлер осы 80 трлн теңгеден салық төлемесе, олардың жағдайы қиын болады", - деді вице-министр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
А. Жайыққызы