8 пәтер, көлік және мыңдаған USDT: батыста ірі алаяқтық схема әшкереленді

8 пәтер, көлік және мыңдаған USDT: батыста ірі алаяқтық схема әшкереленді
Фото: ҚМА

ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті интернет алаяқтыққа жәрдемдесу, заңсыз кәсіпкерлік, дропперлік қызметті ұйымдастыру және қылмыстық жолмен келген кірісті заңдастыру бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Тергеу мәліметіне сүйенсек, Ақтөбе қаласы аумағында телефон және интернет алаяқтық салдарынан азаматтардан жымқырылған қаражатты қабылдау, конвертациялау, заңдастырудың тұрақты схемасын құрған қылмыстық топ әрекет еткен.

Топ құрамында оннан аса адам болған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылар 150-ден аса дропперді тартқан. Қылмыстық топ мүшелері банк қосымшалары мен криптоәмияндар алдын ала орнатылған ұялы телефондарды пайдаланған. Бұл оларға дропперлердің шоттарын қашықтан басқаруға және қаржы операцияларын олардың қатысуынсыз жүргізуге мүмкіндік берген.

Блокчейн талдау құралдарының көмегімен жымқырылған қаражатты заңдастырудың толық схемасы қалпына келтірілген. Алдымен жәбірленушілердің қаражаты транзиттік банк шоттары арқылы өткізіліп, кейін бақылаудағы дропперлердің шоттарына аударылған. Одан кейін қаражат криптовалюта платформасына жіберіліп, онда USDT цифрлық активтерін сатып алуға пайдаланылған. Операцияларға заңды сипат беру мақсатында жалған қарыз шарттары мен жалған компаниялар қолданылған. Қылмыстық схеманың соңғы кезеңінде заңсыз кіріс қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетел валютасына айырбасталған.

80 жәбірленуші анықталды

Қазір еліміздің 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты. Қылмыстық топтың 8 мүшесі қамауға алынды. Тағы екі күдіктіге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде 8 пәтерге, бір көлікке және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активке тыйым салынды. Тергеп-тексеру жалғасып жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget