Биыл бірнеше облыста әйелдер 8 наурыз мерекесіне орай біржолғы төлем алады. Ал кей облыс тұрғындарына мұндай төлем қарастырылмаған. Massaget.kz тілшісі әр облыс әкімдігіне сауал жолдап, мерекеге орай қанша қаржы қарастырылғанын анықтап көрді. Қаржылай қолдау әр өңірдің бюджет мүмкіндігіне байланысты әртүрлі болады.
Солтүстік Қазақстан облысы
Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірде жергілікті өкілді органдардың шешімімен азаматтардың жекелеген санаттарына мерекелерде әлеуметтік көмек көрсетіледі.
"Халықаралық әйелдер күні" мерекесіне орай "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен, І и ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған немесе бұрын алған көпбалалы аналар "Батыр ана" атағын алғандарға 10 АЕК (36 920 теңге), 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төленеді", - делінген жауапта.
Биыл бұл мерекеге жалпы 203,4 миллион теңге жоспарланған, бұл төлемді шамамен 7600 әйел алады.
Ақмола облысы
Ал бұл өңірде 6 мыңға жуық көпбалалы ана мерекеге орай 2-ден 5 АЕК-ке дейін (7384 теңгеден 18460 теңгеге дейін) біржолғы әлеуметтік төлем алады.
Абай облысы
"Абай облысында 8 наурыз мерекесі қарсаңында "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған, бұрын "Батыр ана" атағын алған, І и ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған, 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 19 мыңнан аса анаға биыл наурыз басында 15 000 теңге мөлшерінде біржолғы материалдық төлем беріледі", - делінген жауапта.
Бұл өңірде мерекеге жалпы 285 миллион теңге қаржы бөлінген.
Қарағанды облысы
Қарағанды облысында 21 мыңнан аса әйел 8 наурыз мерекесіне орай біржолғы төлем алады.
"Қаржылай қолдау әр аймақтың бюджеттік мүмкіндігіне байланысты әртүрлі болады. Төлемдер көпбалалы аналарға, "Алтын алқа" және "Күміс алқа" иегерлеріне, зейнеткерлерге, құрметті азаматтарға, тыл еңбеккерлеріне, ІІ Дүниежүзілік соғыс қатысушыларына теңестірілген адамдарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, белсенді емес жалғыз тұратын әйелдерге беріледі", - делінген жауапта.
Кей аудандарда мерекелік түскі ас, азық-түлік жиынтықтарын тарату жоспарланып отыр. Белгілі бір аудандардағы қайырымдылық ұйымдары жеке секторда тұратын аз қамтылған отбасыларға барады. Оларға отын, шөп, көмір жеткізіледі.
Шығыс Қазақстан облысы
Бұл өңірде Халықаралық әйелдер күніне орай 11 887 көпбалалы ана 15 мың теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек алады. Бұл мереке қарсаңында төлемге 178 305 000 теңге облыстық бюджеттен бөлінген.
Павлодар облысы
Облыстың қалалары мен аудандарында Халықаралық әйелдер күніне орай мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын көпбалалы аналарға 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсету көзделген.
Түркістан облысы
Биыл ақпан-наурыз айларында 14 аудан мен 3 қалада жергілікті бюджет есебінен 2-3 АЕК мөлшерінде 42 250 көпбалалы анаға, оның ішінде "Алтын алқа", "Күміс алқа", "Батыр ана", 1-2 дәрежелі "Ана данқы" орденімен марапатталған аналар, 352,4 миллион теңгеге 1 реттік әлеуметтік төлем жоспарланған.
Ұлытау облысы
Ұлытау облысында Халықаралық әйелдер күніне орай 165 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Атап айтар болсақ, биыл "Алтын алқа", "Күміс алқа", бұрын "Батыр ана" атағын алған және төрт одан да көп балалары бар аналарға 20 мың теңгеден бір реттік әлеуметтік төлем беріледі.
Облыс бойынша жалпы саны 8247 анаға әлеуметтік төлем жеке есепшоттары арқылы жіберіледі.
Маңғыстау облысы
Бұл өңірде Халықаралық әйелдер күніне орай Алтын, Күміс алқа иегерлері мен Батыр аналарға біржолғы төлем қарастырылған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, 12 мың адамға 2 АЕК мөлшерінде бюджет көзделген, бюджеттен 88 608 000 теңге бөлінген.
Қай облыстарда біржолғы төлем қарастырылмаған?
Айта кетейік, қаржылай қолдау әр өңірдің бюджет мүмкіндігіне байланысты әртүрлі болады. Кей облыстарда мұндай біржолғы төлем қарастырылмаған. Олар:
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!