- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 8 наурызда...
8 наурызда Талдықорғанда тыр жалаңаш жүрген ер адам жазаланды
Талдықорғанда 8 наурызда көшеде тыр жалаңаш жүгірген ер адам жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жетісу облыстық сотының баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, 39 жастағы ер адам ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" бойынша кінәлі деп танылды. Ол қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
"8 наурызда сағат 13:00 шамасында Алдабергенов-Рақышева көшелерінің қиылысында А. есімді ер адам есірткілік масаң күйде тыр жалаңаш жүгірген. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігіне сәйкес, ұсақ бұзақылық үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 10 тәулікке дейін қамауға алу туралы жазасы қарастырылған.
Құқықбұзушының кінәсі оның мойындау айғақтарымен, куәгерлердің айғақтарымен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен және әкімшілік істің басқа материалдарымен дәлелденген. Кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінгенін ескере отырып, сот А. есімді ер адамды кінәлі деп тауып, оны үш тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім қабылдады", - деді өңірлік сотта.
Сондай-ақ, үш ай мерзімге құқықбұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленеді. Оған айына бір рет Талдықорған ІІБ-на келіп, профилактикалық әңгіме өткізу міндеті жүктелген. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 8 наурызда Талдықорғанда ер адам базардың маңында тыр жалаңаш жүрген. Куәгерлер оны видеоға түсіріп, krisp.tdk Instagram-парақшасына салған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек