- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "8 мың теңге...
"8 мың теңге берген". Балалар үйінің меңгерушісі қыздарды шенеуніктермен жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген
Өзбекстанда балалар үйінің меңгерушісі тәрбиеленушілерді шенеуніктермен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Рodrobno.uz басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, он ай бойы (2021 жылғы мамырдан 2022 жылғы ақпанға дейін) балалар үйінің меңгерушісі үш тәрбиеленушіні шенеуніктермен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр еткен. Осы мақсатта ол 15, 16 және 17 жастағы үш жасөспірімді таңдаған.
"Клиенттер" арасында облыстық әділет басқармасының бастығы болған. Басылым мәліметінше, балалар үйіне сыйға тартылған принтердің орнына шенеунік жыныстық қатынасқа түсу үшін қыз сұраған. Меңгеруші 16 жастағы тәрбиеленушіні таңдаған, ол қызды бопсалау арқылы ер адаммен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Яғни тәрбиеленушінің інісін соққыға жыққан.
Кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түсу үшін облыстық әділет басқармасы бастығы өз ведомствосының қызметкерлеріне қызметтік тұрғын үй ретінде бөлінген пәтерді пайдаланған. Кейінірек бұл пәтерде 15 және 17 жастағы тағы екі қыз болған.
Сондай-ақ, қайырымдылыққа, жеке мәселелерін шешуге көмектескені үшін аудандық ТЖ басқармасы бөлімінің бастығы да меңгерушіден қыз беруін өтінген. Меңгеруші сол тәрбиеленушілерді онымен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр еткен. Меңгеруші бұл үшін оқушыларды басқа балалардан оқшаулап, тамақ бермеген.
Басылым мәліметінше, шенеунік балалар үйіне азық-түлікпен көмектесумен қатар, кәмелетке толмаған қызбен жыныстық қатынасқа түсу үшін меңгерушіге 200 мың сома (шамамен 8 мың теңге) төлеген. Бұл жағдайлар балалар үйіндегі жатын бөлмеде болып отырған.
Осы және басқа да деректер былтырғы қыркүйекте өткен сотта айтылды. Сот шешімімен балалар үйінің меңгерушісі 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол үш бап бойынша айыпталды.
Кәмелетке толмағандармен тығыз байланыста болған шенеуніктер екі бап бойынша 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
2022 жылғы желтоқсанында апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды. Gazeta.uz мәліметінше, Өзбекстанның Бас прокуратурасы Үргеніштегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін зорлаған шенеуніктерге үкім қатаң болмағанын мәлімдеген. Сондықтан биыл 29 наурызда Жоғарғы сотқа істі қайта қарауға және жазаны қатаңдатуға өтініш берілген.
Даулы іс кең таралғаннан кейін биыл 2 сәуірде Өзбекстан президенті әкімшілігі атқарушы аппаратының коммуникациялар және ақпараттық саясат секторының меңгерушісі Саида Мирзиеева зорлық-зомбылыққа ұшыраған үш қыздың да қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін мәлімдеді. Gazeta.uz мәліметінше, оларға күзет берілген, күзет жәбірленушілерді көшеге шыққан кезде ертіп жүруге тиіс.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова