- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 8 миллион теңгеге...
8 миллион теңгеге "алтын кілемдер", 7 миллион теңгеге дәретхана қағаздары - елдегі негізсіз мемлекеттік сатып алулар
Massaget.kz тілшісі елдегі негізсіз мемлекеттік сатып алуларға шолу жасады.
7,8 миллион теңгеге "алтын кілемдер"
Петропавлдағы шенеуніктер 7,8 миллион теңгеге кілемдер сатып алмақ болған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік қызметкерлері мәлімдеді. Шенеуніктердің кілемді шаршы метрін 35 мың теңгеден сатып алмақ болғаны күмән тудырған.
Бұл сатып алуға агенттік қызметкерлері араласқаннан кейін қала әкімдігінің аппараты кілемнің бағасын қайта қараған. Қалалық әкімдіктегілер бұл саудаға қатысты мән-жайды түсіндірген. Олардың сөзінше, 22 кабинетке кілем сатып алынуы керек болған. Алайда шын мәнінде олардың бағасы он есе арзан екен. Себебі сатып алуға қажет құжатты дайындаған жас маман қате жіберіпті.
Яғни кілемнің шаршы метрін 3500 теңгеден есептеп, 780 000 теңге шығарудың орнына, 35 мың деп жазып, нәтижесінде 7,8 миллион теңге шығып кетіпті-мыс.
14 қыркүйекте қате кеткені анықталып, хабарлама сайттан алынып тасталған. Ал қате жіберген қызметкерге қатаң сөгіс жарияланыпты.
7 миллион теңгеге дәретхана қағаздары
6 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімдігі 7 миллион теңгеге дәретхана қағаздарын алдырып жатқаны белгілі болды. Яғни Telegram-да әкімдік 11 570 бума дәретхана қағазын сатып алады деген хабар тарады.
Облыстық әкімдік мұндай сомаға дәретхана қағазын сатып алғандарын растап, түсіндірді. Маңғыстау облысы әкімдігінің Іс басқармасындағылар олардың мақсаты мемлекеттік мүлікті пайдалану және күтіп ұстау, жергілікті өкілді, атқарушы және мемлекеттік органдарды, оның ішінде облыс әкімдігінің, облыстық мәслихаттың, неке сарайының, қала әкімдігінің, Достық үйінің, статистика басқармасының, облыстық құраманың ғимараттарында орналасқан мекемелерді шаруашылық тауарлармен жабдықтау жөніндегі функцияларды орындау екенін атап өтті.
Көрнекі сурет: Pixabay.com
"Ғимараттарда орналасқан мемлекеттік мекемелерді қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын дәретхана қағазы мен басқа да заттар сатып алынады. Ғимараттарда барлығы 1300 қызметкер орналасқан. Тек облыстық жинау пунктінде жыл сайын 15 дәрігер, 80 қызметкер және 1500 әскерге шақырылушы казармалық жағдайда орналастырылады. Сондықтан гигиена құралдарымен қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын келушілерге, қызметкерлер мен әскерге шақырылушыларға ыңғайлы болу үшін осындай тауарларды сатып алу жүргізіледі", - деп түсіндірді басқарма өкілдері.
1,7 миллион теңгеге автошина
Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік сатып алу арқылы кезекті қызық сауда жүргізілмек болған: жергілікті оқу орны автошинаның біреуін 680 мың теңгеден алмақ болған. Яғни жалпы шиналарды 1 680 000 теңгеге сатып алмақ болған. Алайда шиналар орта есеппен 30-80 мың теңге аралығында. Бұл іске Антикор араласып, нәтижесін 1 230 000 теңге үнемделіп, қалған сомасына қажет шиналар алынған. Ал үнемделген ақшаға колледж автобусына қажет бөлшектері сатып алынбақ.
Көрнекі сурет: Pixabay.com
1 литрі 16 мың теңгелік бензин
Солтүстік Қазақстан облысындағы орман шаруашылығындағылар бензиннің 1 литрін 16 мың теңгеге сатып алмақ болған. Ал бұл бензиннің шынайы бағасынан 80 есе көп баға. Мекеме бұл мақсатта 600 миллион теңге жұмсамақ болған. Алайда күмәнді лотты Антикор қызметкерлері байқап қалған. Осылайша тапсырыс беруші түзету енгізуіне тура келген.
Өңірдегі аудандардың бірінде оған дейін тағы бір күмәнді сауда жүргізілген. Ауыл әкімдігі орындықты 7,8 миллион теңгеге сатып алмақ болған. Ал оның негізгі бағасы 800 мың теңге ғана болған.
2 миллион теңгенің еден сүрткіші
ШҚО-да шенеуніктер бір еден сүрткішті екі миллион теңгеге сатып алмақ болған. Атап айтқанда, Семей медицина университетінің Өскемендегі филиалы өкілдері бір еден сүрткішті (швабра) 1,9 млн, ал бір матрас жиынтығын 1,2 млн теңгеге сатып алмақ болғандығы анықталды.
Көрнекі сурет: Pixabay.com
Алайда еден сүрткіштің орташа нарықтық бағасы 25 мың теңге, бір матрас жиынтығының бағасы 30-130 мың теңге аралығында. Артынша мемлекеттік сатып алу жоспарларына түзетулер енгізіліп, шамамен үш миллион теңге қаржы үнемделді. Ол қаражат басқа тауарларды сатып алуға бағытталмақ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина