8 миллион қазақстандық жалпыға бірдей декларация тапсырудан босатылады

8 миллион қазақстандық жалпыға бірдей декларация тапсырудан босатылады
Фото: gov.kz

2025 жылдан бастап 8 миллионға жуық қазақстандық жалпыға бірдей декларация тапсырудан босатылады. Бұл шешім Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында қабылданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Премьер-министр Олжас Бектенов ұсынысты қолдап, тиісті министрліктерге үш күн ішінде заңнамаға өзгерістер дайындауды тапсырды. Оның айтуынша, қазіргі деректер базасының цифрландырылуы мен қаржылық бақылау деңгейі бұл шешімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

"Қазір декларацияны 4 млннан астам адам тапсырады. Олардың арасында мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері бар. 2025 жылы барлық қалған санаттағы азаматтар декларация тапсырады деп жоспарланған болатын. Бұған халық алаңдаушылық білдірді, сондықтан аталған мәселеге Мемлекет басшысы өзінің назарын аударды. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың деректер базасы барынша цифрландырылған. Қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді. Халықаралық келісімдер шеңберінде шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды. Цифрлық қызметтер кең таралған. Сондықтан жалпы алғанда жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар. Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері тіркеу және салықтық бақылау үшін барлық цифрлық базалардан, оның ішінде екінші деңгейлі банктерден мәліметтер алуды қамтамасыз еткені жөн. Сондықтан мен 2025 жылы азаматтардың қалған санаттарын активтер туралы декларацияларды міндетті түрде тапсырудан босату туралы қаржы министрінің ұсынысын қолдаймын", -  деп атап өтті Премьер-министр.

Кімдер тапсырады?

Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, қазір декларацияны 4,8 миллион адам, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор өкілдері және олардың жұбайлары тапсырады.

Қалған санаттағы азаматтарды (зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер, т.б.) міндетті декларациядан босату ұсынылды. Бұл шешім жеке тұлғалардың 90%-дан астамына әсер етеді. Декларация тек шетелде активтері бар, құны 20 мың АЕК-тен астам сатып алулар жасаған немесе салық салынатын табыс алған азаматтар үшін сақталады.

Декларациялау қашан басталды?

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау 2021 жылғы 1 қаңтарда кезең-кезеңімен енгізіле бастады. Бірінші кезеңде мемлекеттік қызметшілер, олардың жұбайлары және оларға теңестірілген тұлғалар (ұлттық компаниялар мен мемлекеттік мекемелердің басшылары) декларация тапсыруды бастады. Келесі кезеңдерде декларациялау міндеті басқа санаттағы азаматтарға тарала бастады, ал 2025 жылға қарай барлық жеке тұлғаларды қамту жоспарланған.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет