Алматы полицейлері 8 қап ақбөкен мүйізін тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Төрт адам 8 қапқа салынған 1200 мүйізді сатпақ болған. Олардың бұл заңсыз әрекеті Алматы қаласы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген арнайы іс-шара нәтижесінде анықталды.
"Арнайы іс-шараның негізгі кезеңін Алматы облысының аумағында жедел қызметкерлер мен арнайы жасақ жүргізді. Ол жерде Hyundai автокөлігі тоқтатылды, оның ішін тінту барысында 1212 дана көлеміндегі 8 қап мүйіз табылып тәркіленді. Күдіктілер ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ, тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу дерегі бойынша соталды тергеу басталды", - деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!