Астанада Qyran тұрғын үй кешеніндегі жылжымайтын мүлікті сату желеуімен ақша жымқыру схемасын ұйымдастырған құрылыс компаниясының қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Сату кеңсесінде құрылыс компаниясы атынан сатып алушыларға компанияның жылжымайтын мүлік нысандарына меншік құқығы бар екенін дәлелдейтін макеттер, техникалық паспорттар, сенімхаттар мен анықтамалар көрсетілген. Азаматтарға пәтерлерді, коммерциялық үй-жайларды және паркинг орындарын нарықтағы бағадан төмен бағамен сатып алу ұсынылып, мәміле толық заңды екені айтылған.
"Алайда сатып алу-сату шарттарын жасаудың орнына күдіктілер брондау шарттарын, кепіл туралы келісімдер мен алдын ала шарттарды рәсімдеген. Бұл құжаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайды және сатып алушыларға меншік құқығын бермейді. Жәбірленушілер төлемді қолма-қол берген және схемаға қатысушылардың жеке шоттарына аударған. ЖШС-ның бухгалтерлік және банк құжаттарында бұл операциялар көрсетілмеген", - деп жазылған хабарламада.
Зардап шеккендер туралы
Осылайша азаматтардың 3,8 млрд теңгеден аса қаражаты жымқырылған. Бұдан бөлек, күдіктілер құрылыс компаниясының қаражатын ұрлауға бағытталған екінші алаяқтық схеманы жүзеге асырған.
ҚМА мәліметінше, күдіктілер құрылыс компаниясының атынан клиенттермен жалған сатып алу-сату шарттарын жасап, нысандарға меншік құқығын тіркеген, алайда сатудан түскен қаражат компания кассасына түспеген.
"76 жылжымайтын мүлікті сатудан 4,1 млрд теңге жымқырылған. Осылайша азаматтарға және компанияға келтірілген жалпы залал - 7,9 млрд теңге", - деп жазылған хабарламада.
Сот санкциясымен 94 пәтерге, 51 паркинг орнына, 8 коммерциялық үй-жайға және бір көлікке тыйым салынды.
Үш күдіктіге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова