Көкшетауда интернет-алаяқтың құрбаны болған оқытушы 7,6 миллион теңгесінен айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полицияға арыз 19 ақпанда түскен. Жәбірленушінің айтуынша, бәрі телефон қоңырауынан басталған. Біреу өзін оқу орнының заңгері ретінде таныстырып, оның жеке ісіне полицейлер "қызығушылық танытты" деп хабарлаған. Сондай-ақ, жақын арада өзге адамдар хабарласып, "көмектесу" керек болатынын ескерткен.
Біраз уақыттан кейін әйелге шынымен де басқа белгісіз адамдар қоңырау шала бастаған. Олар "жалған қызметкерлердің" кең тараған тәсілімен әрекет еткен: тексеріс жүріп жатқанын, қауіп барын айтып, ақшаны "қауіпсіздендіру" қажет екенін түсіндірген. Үнемі қысым жасап, нақты нұсқаулар беріп, оқытушыны бұл жағдайды ешкімге айтпауға көндірген.
Ақпаратты тексермеген әйел екі банктен несие рәсімдеп, сондай-ақ, алтын әшекейлерін ломбардқа өткізген. Алынған қаражаттың бәрін телефон арқылы айтылған есепшоттарға аударып жіберген. Жалпы шығын 7,6 миллион теңгеден асты.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Ақмола облысының киберполициясы істі тергеп жатыр.
Полиция банк қызметкерлері, құқық қорғау органдары және мемлекеттік мекемелер несие рәсімдеуді немесе ақшаны "қауіпсіз есепшоттарға" аударуды талап етпейтінін ескертті.
Ал әңгімені құпия ұстау, SMS-кодтарды немесе карта деректерін айтуға көндіру - қауіпті белгі. Мұндай жағдайда бірден телефонды қойып, ұйымға ресми нөмірі арқылы өзіңіз хабарласу қажет.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Massaget.kz