Жетісу облысы бойынша Қаржы мониторингі агенттігінің департаменті Бақтыбай ауылындағы Мәдениет үйін күрделі жөндеуге бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша соталды тергеуді бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, мемлекетке келтірілген шығын 212 млн теңгеден асқан, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ҚМА мәліметінше, 2020 жылы Ескелді ауданының ішкі саясат бөлімі мен мердігер ұйым арасында Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге 753 млн теңге сомасына келісімшарт жасалған.
Шарт талаптарына сай мердігер жұмысты 2021 жылғы желтоқсанда аяқтауға тиіс болған. Алайда нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген.
Тергеу барысында бұрын қабылданып, төлем жүргізілген бірқатар жұмыстың нақты орындалмағаны анықталған. Соның салдарынан мемлекетке келтірілген залал 212 млн теңгеден асты.
Қазір іске қатысы болуы мүмкін тұлғалардың мүлкіне шектеулер қойылған. Тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!