"Қайталанбас тұлға" айдарының келесі кейіпкері - миллиардер, кәсіпкер және инженер Илон Масктың анасы Мэй. Massaget.kz тілшісі миллиардерді тәрбиелеу мен 70 жасқа дейін модель болудың сырын айтты.
72 жастағы кейіпкер 15 жасынан модель болып жұмыс істейді, қазір ол танымал берндтермен жұмыс істеп жүр. Мэй Масктың негізгі мамандығы - диетолог, оның 2 магистр дәрежесі бар.
Кейіпкердің түп тамыры - швейцариялық немістер. Оның ата-бабасы Еуропадан Нью-Йоркке көшіп келген. 1948 жылы әкесі Жошуа Норман Халдеман мен Уиннифред Жозефин Флетчер бас қосып, Кэй және Мэй атты егіз қыз дүниеге келеді. Мэйдің әкесі ұшқыш болған, сондықтан отбасы көп саяхаттаған.
1950 жылы Халдеман отбасы Оңтүстік Африкаға көшіп кетеді. Мэй 15 жасынан модель болып, 1969 жылы "Оңтүстік Африка аруы" байқауының финалына өтеді.
Модель жұмысымен қатар бойжеткен диетология мамандығы бойынша оқу бітіріп, кейін тіпті магистр дәрежесін алады.
Ол өмір бойы модель болып жұмыс істеймін деп тіпті ойлаған жоқ, сондықтан білім алу үшін көп еңбектенген еді.
"Мен ақымақ емес екенімді дәлелдеу үшін көп оқуыма тура келді, себебі көп адам модельдің ойы таяз деп ойлайды", - дейді ол естеліктерінің бірінде.
Мэй өзімен бірге үнемі кітап арқалап жүретін, тіпті жаттығу залында да қолынан кітап түспейтін.
1970 жылы Мэй құрылысшы-инженер Эррол Маскқа күйеуге шығады. Олар бір ауданда өскен, алғаш рет қыз 11 жаста болғанда танысқан. Эррол бала кезден Мэйге ғашық болған, жеті жылдан кейін отбасын құру туралы шешімге келген.
1971 жылғы 28 маусымда жұптың тұңғыш баласы Илон дүниеге келді. Одан інісі Кимбал мен қарындасы Тоска дүние есігін ашады. 1979 жылы әйел ажырасу туралы шешім қабылдайды. Ол алғашқы жылдары қиын болғанын айтады. Сөзінше, балаларын алып Торонтоға көшкен жылы ақшасыз қалған. Оңтүстік Африкадағы банк шоттары бұғатталған.
"Балалар абайсызда сүт төгіп алса да жылайтынмын, себебі жаңасын алуға ақшам болмайтын", - деп есіне алды Мэй сұхбаттарының бірінде.
Бұл жағдайлардан кейін әйел бір жылда 18 келі артық салмақ қосып алған. Кейін ол 32 жасында плюс-сайз (артық салмақ - еск.) модельдер арасында танымалдыққа ие болды.
Торонтода Мэй Маск диетология бойынша екінші рет магистр дәрежесін алды. Кейін Торонтодағы университетте балалары тегін білім алуы үшін жұмысқа тұрады. Одан бөлек, модельдерге арналған курстардан сабақ беріп, дұрыс тамақтанудан мастер-класс жүргізген, диетолог болып та қызмет атқарған. Мэй Масктың айтуынша, ол 5 жұмыста еңбек еткен.
"Ол кезде артық ақша болмайтын. Жалақы түскенде ең алдымен еденде отыру үшін кілем сатып алдық. Жиһаз да болған жоқ. Одан кейінгі жалақыға Илонға компьютер сатып алдық, ол еденде отырып жұмыс істей беретін", - дейді Мэй Маск естеліктерінің бірінде.
50-ге келген Мэй Маск Нью-Йоркке көшіп келеді. Ол мансабы бойынша жоғарылап, ірі жарнама компанияларға қатыса бастайды. Ал 60-қа толғанда оның жаңа образы тіпті әлемдік деңгейдегі брендтермен жұмыс істеуге есік ашты.
60 жасында кейіпкер New York Magazine журналы үшін жасанды іш жалғап, суретке түседі. Фотограф Энн Лейбовицтің бұл жұмысы аяғы ауыр Деми Мурдың журнал мұқабасына түскен суреттің ремейгіне айналды. 69 жасында Cover Girl косметика брендінің амбассадоры болды.
"Менің ойымша, әйелдерді 69 жастағы әйелдің сұлулық жарнамаларының жұлдызы бола алатынына шабыттандырады. Маған жас проблема емес, керісініше, керемет нәрсе. Өзіңізге сеніміңіз артып, қиындықтарға оңай төтеп бересіз. Мен - өз жасыма сай модельмін. Мен 50 жастамын деп ешкімді алдамаймын. Жақында 70-ке толамын, бұл - мен үшін мақтаныш. Мен үшін өмір енді басталып келеді", - дейді ол естеліктерінің бірінде.
Илон Масктың есімі бүкіл әлемге танымал. Алайда Мэйдің басқа екі баласы да жетістікке жеткені мәлім. Оның кенже ұлы Кимбал - The Kitchen мейрамханалар желісінің иесі және Tesla Motors, SpaceX және Chipotle Mexican Grill фастфуд желісінің директорлар кеңесінің құрамында. Ол АҚШ-тың 200 мектебінде Learning Gardens жобасын іске қосты. Масктың қызы Тоска - режиссер және продюсер. Әрине, Мэй Маскқа жетістікке сүрінбей жететін балаларды қалай тәрбиелеу керегі туралы көп сұрақ қойылады. Оның айтуынша, ата-анасы қалағанын жасауға рұқсат берген, ол да балаларын тәрбиелегенде мұндай ұстанымды ұстанады: оларға дауыс көтермей, тек үлгі болуға тырысады.
Маск бәрінен бұрын балаларының қажырлы еңбек ете білгенін қалайды, өйткені бұл адамға шабыт беріп, тез қартаюының алдын алады.
"Неғұрлым көп жұмыс істесең, соғұрлым табысқа кенелесің. Балаларымның көз алдында мен көп еңбек еткен адаммын. Олар да еңбектен қашпайды. Мен балаларыма ешқашан көмектеспегенмін. Мен көп әрі ауыр жұмыс істедім. Олар жетістікке өз күшімен жетті", - дейді әйел.
1996 жылы Мэй Маск барлық жинаған ақшасын - 10 000 долларды ұлдарының компаниясына құяды. Олар бұл қаражатқа кеңсе ақысы мен басқа да шығындарды өтей алды. 1999 жылы компанияны бағдарламалық жасақтама өндірушісі Compaq 307 миллион долларға сатып алды, ал Илон бұл келісімнен 22 миллион доллар табыс тапты. Мэй бұл оған ең керемет инвестиция болды деп әзілдейді.
"Мен білімге әуес болсам, Илон менен бетер. Бір күні мен оған менің сыныбымда математиканы менен артық білетін адам жоқ екенін айттым. Математиканы менен де жақсы білетіндіктен, жай ғана күлгені есімде. Ол менің өмірге деген көзқарасымды қабылдады деген үміттемін", - деп жауап берді Мэй.
Оның айтуынша, Илонға қымбат заттар да, қайықтар да керек емес. Ол бар болғаны адамзатқа пайдасын тигізгісі келеді.
Оның айтуынша, адам көшбасшы болғысы келсе, алдымен өзін басқара білуі керек.
Еске салайық, бұған дейін Илон Масктің анасы қазақстандық баланың тұсауын кескен еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!