- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "72 жаста ақ...
"72 жаста ақ көйлек киіп, қалыңдық атанды". Оңалту орталығында ерекше "алтын той" өтті
Кез келген отбасыда "Алтын той" - мереке. Бұл қуанышқа жеткен жұптың балалары жақындарының арасында ұлан-асыр той жасап, өз қуанышын басқаларымен бөліседі. 50 жыл отау тігіп, бақытты отбасыға айналған жұптың бірі - Әбілқажы ата мен Күлшара апа. Алайда олар "алтын тойын" мейрамханада емес, оңалту орталығында атап өтуге мәжбүр болды. Оның өз себебі бар. Massaget.kz тілшісі ерекше той жасаған кейіпкерлермен сұхбаттасты.
Күлшара Бекетайқызы биыл 72-ге толды. Ал оның күйеуі Әбілқажы Удербаев 78 жаста. Олардың 6 баласы, 10 немересі мен 2 шөбересі бар.
Былтыр ақпанда Күлшара Бекетайқызы инсульт алып, төсек тартып қалған. Дәрігерлер беті бері қарамайды деп болжаған. Бірақ Талдықорғандағы бір дәрігер апаның көзінен жанары таймағанын, үміттің барын айтқан. Ауыр аурумен күрескен Күлшара Бекетайқызы 50 жылдық мерейтойын атап өтуді тіпті ойламағанын айтады.
"Бұл оңалту орталығына 30 қаңтарда түстім. Былтырдан денсаулығым күрт нашарлап, тіпті қасық ұстай алмайтын дәрежеге жеттім. Балаларымның апармаған ауруханасы, көрсетпеген дәрігері қалмады. Қазір жағдайым біраз жақсарды. Биыл тіпті тойды ойлайтын хәлде болмап едім", - дейді апа.
Оңалту орталығында бір бөлмеде 8 жатын орын бар. Ал Күлшара Бекетайқызы жатқан бөлмеде 6 адам ем алып жатыр. Бәрі бірден танысып, араласып кеткен. 2 ақпанда кейіпкер бөлмелестеріне күйеуімен қалай танысқанын, 3 ақпан отау құрғанына 50 жыл толатынын айтқан. Олар бұл жаңалықты естіп, ойланбастан той ұйымдастыруға көшкен. Ақ көйлек алдырып, ән дайындап, тіпті аурухана басшылығымен келісіп те қойған.
"2 ақпанда бәріміз аурухана бөлмесінде әңгіме айтып отырғанда ертең тұрмыс құрғаныма 50 жыл толатынын айттым. Қыздар қызығып, таңдана тыңдады. Бірақ бірден той жасаймыз деп шешетінін күтпедім", - дейді Күлшара апай.
Ұйымдастырушылар (бөлмелестері - еск.) келесі күні оңалту орталығына Күлшара апайдың күйеуін шақырған. Апайдың айтуынша, күйеуі костюм киіп, бір қолына гүл, екінші қолына торт пен жүрек шар алып келген.
"Жоғарғы қабаттан түсіп келе жатсам, күйеуім төменде мені күтіп тұр. Бір қолында гүл, екінші қолында торт. Содан кейін бұрын сүйіп тыңдайтын "Ақ бантик" деген әнді айтып берді. Бәрі шашуын шашып, шапалақтап, тіпті фанфар қосып қарсы алды. Мені қыз жолдасым жетектеп түсірді", - дейді Күлшара Бекетайқызы.
Бәрі бір-ақ күнде болған: дайындық та, іс-шараны өткізуге қабылданған шешім де. Бұл мереке кәдімгі мейрамханада жасалатын тойдан кем түспеген. Мерейтойда асаба да, видеоға түсіруші де, тіпті, қыз жолдас та болған. Ал Күлшара Бекетайқызы нағыз қалыңдық секілді ақкөйлек киіп шыққан. Тойды ұйымдастырушылардың басы-қасында Несіпхан Болатқызы жүрген. Ол - оңалту орталығында ем алып жатқан науқас. Бір түнде көйлек тауып, аурухана басшылығымен де келісіп үлгерген осы кісі.
"Әркімнің өз замандас-құрдасымен әңгімесі жарасады ғой. Алтын той - өмірдегі бақытқа толы жақсы оқиға. 50 жыл бірге отау құрып, "Алтын тойға" жеткен адам көп емес. Бұл әңгімені ол 2 ақпанда айтты. Осыны тыңдап отырып, қалай жүрегің тебіренбейді. Қыздармен бұл күнді атап өтейік деп шештік. Күлшараға айтпай, ақ көйлек тауып, оның күйеуін шақырып, мерейтой жасайық деп шештік. Қыздар бәрі қосыла кетті. Кейін өз қызыма хабарласып, ақ көйлек тап деп бұйырдым. Ол такси арқылы салып жіберді. Ақ орамал тағып, көз-бетін бояп дайындадық. Ол ақ көйлек, ақ орамал тағып, жасарып қалды. Төмен түскенде күйеуі жарын танымай, қатты тебіреніп кетті. Сол күні Әбілқажыны шал деп айта алмай қалдық. Ол да жігіттей жасарып, мейірленіп, ажарланып кетті", - дейді ол.
Несіпхан Болатқызының айтуынша, мерейтойды ұйымдастыру қиынға соқпаған. Асаба да, видеоға түсіруші де, ән айтушы да өз арасынан шыққан. Олар бір кеште дайындалып үлгерген, бұған оңалту орталығының басшылығы да үлесін қосқан. Ал Күлшара Бекетайқызы орталықта "қалыңдық" аталып кеткенін айтады.
Тойды ұйымдастырушылар тіпті естелік видео жасап, алдын ала сценариін де дайындаған. Видеода апаның таңда тұрып емін алып жатқаны, бөлмелестерімен таңғы ас ішкені, кейін ақ көйлегін киіп, терезеден Әбілқажы атаны күтіп тұрғаны көрінеді.
"Қуаныш сезімі болды, әрине. Осындай той ұйымдастырған қыздарға алғысым шексіз ғой. Ауырмағанда мүмкін тойды ауылда туысқандар арасында өткізер ме едік. Бірақ бұл ерекше күн болды. Сол күні қалай ұйықтағанымызды білсең. Маржан керемет видео түсірді. Зухра асаба болды. Басқа қыздар бетімді әрлеп, дайындап әлек болды", - дейді Күлшара Бекетайқызы.
Күлшара апай жолдасымен қалай танысқанын айтып берді.
"Біз бір ауылда өстік, бірақ ол менен 6 жас үлкен. Мен оның қарындасымен бірге оқыдым. Сөйтіп жүргенде жігіттің көзі түскен болуы керек, ол менімен сөйлесіп, киноға апарып, кештерден шығарып салып жүрді. Үйлену тіпті ойымызда болмады. Бірақ 1972 жылғы 3 ақпанда көлікті алдын ала дайындап, сол күні алып қашты, нағашы атасының үйіне апарды. Қазақта босағаны аттаған соң, кері қайтуға болмайды ғой. Сөйтіп сол үйде қалдым". Құдайға шүкір, қазір 6 балам бар, 10 немерем, 2 шөберем бар", - дейді кейіпкер.
Күлшара Бекетайқызы 50 жыл ішінде күйеуімен талай қызықты басынан өткергенін айтады. Ол Әбілқажы атаның мінезін айтып, қуанышқа толы сәттерін бөлісті.
"50 жыл ішінде қызық сәт көп болды ғой. Негізі күйеуім - қалжыңбас, аңқылдақ әрі көңілі жас. Тойға барған сайын вальс билейтінбіз. Бір күні үй артындағы бақшадан гүл теріп әкелген. Мен бақшадан жұлғаның не деп кейіп жатсам, ол "табиғаттың гүлі ғой" деп жауап қайтарған. Мені күлдіруден жалықпайды", - деді ол.
Көбіне оңалту орталығындағылар бос уақытында әңгіме, ән айтып, түрлі қызықтарын бөліседі. Апалардың айтуынша, олар "Күләйна", "Ақ бантик" сынды халық әндерін айтады. Одан басқа, спортпен шұғылданып, таза ауада демалып, массажға барады. Туған күндерді бәрі бірге асханада атап, бір-біріне тілек айтып, қызық өткізеді.
"Былтыр ақпанда инсульт алған соң тек "кенжем үйленсе екен", "Азаматым теңін тапса екен" деп жылай беріппін. Бірақ ол есімде жоқ. Оны кейін тәуір болып кеткен соң қыздарым айтты", - деді ол.
Күлшара Бекетайқызының екі баласы шетелде тұрады. Бір баласы отбасымен Оңтүстік Кореяға кетсе, кенже баласы Азамат Венгрияға кеткен. Балаларының арасында тек кенжесі отбасын құрмаған. Тойдың ерекше атап өтілгенін естіген балалары көзіне жас алып, бұл мерейтойды ұйымдастырғандарға алғыс жаудырған. Ауыр дертінен сауығып келе жатқан Күлшара апай ендігі арманын айтты.
"Арманым - Талдықорғаннан үй алып, кенжемді үйлендіру. Бұдан артық мен де арман жоқ", - дейді апа.
Оңалту орталығының бөлім меңгерушісі Мехиргүл Мұхитденқызы мұндай қуаныш орталықта алғаш рет өткенін айтты.
"Маған апаның қызы хабарласты. Ертең ата-анасының бас қосқанына 50 жыл толатынын, әкесі барғысы келетінін айтты. Біз, әрине, қуана келістік. Апаның бөлмелестері бір кеште бәрін дайындап, сценарийді ойластырып, ақ көйлек тапқан. Әдетте, біз туған күндерді ұйымдастыратынбыз. Ал мұндай мерейтой біздің орталықта алғаш рет өтті. Біз осындай мейрамдарды өткізуге дайынбыз, өйткені ол науқастың тез жазылуына себеп болады", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек