700 жылқы жайылып жүр: Қорғалжыңда ерекше қорғалған мемлекеттік қорықта заңсыздықтар анықталды

Қызыл кітапқа енген қоқиқаздардың Отаны саналатын Қорғалжың қорығында мемлекеттік қорықты қорғайды-ау деген қорықшы-инспекторлардың өздері заңды өрескел бұзғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерекше қорғалатын аумақта мемлекеттік қорық инспекторлары мен басшылығы өзінің туған-туыстарына заңсыз болса да шөп шауып, малын жайғызған.

Арнайы жүргізілген прокурорлық тексеріс кезінде қорық аумағында 700-ден астам жылқы алаңсыз жайылып жүргені анықталды. Жылқылар қорықтың мемлекеттік инспекторларының туысқандарына тиесілі болып шықты.

"Қорық режимінің бұзылып, қызметтік мүддеге қарама-қайшы болса да өз өкілеттілігін қолданып, заң бұзғаны үшін үш бірдей қорық инспекторы жұмысынан босатылды. Оның ішінде табиғи кешенді қорғау жөніндегі бөлімнің басшысы да бар", - дейді Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз хатшысы Меруерт Байболова.

Қазіргі уақытта қорық басшысына қатысты қызметтік тексеріс жүргізілуде.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!