- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- 700-ден аса адам...
700-ден аса адам ҚР Қарулы Күштерінің қайырымдылық шарасына қатысты
Астанада «Әскери әулет» байқауы шеңберінде ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде алғаш рет қайырымдылық жүгіру шарасы өтті.
ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жүгіруге 700-ден аса адам, атап айтқанда, әскери қызметшілер, олардың отбасы мүшелері, Қазақстан ҚК генералитетінің өкілдері генерал-лейтенанттар Мұрат Майкеев, Олег Бижанов, Бақытжан Ертаев, генерал-майорлар Талғат Мұхтаров, Мұхамеджан Таласов, қоғам қайраткерлері, эстрада әртістері және осы қайырымдылық жүгіруге үлес қосқысы келген елорданың белсенді тұрғындары шықты.
«Бұл ай Қарулы Күштерде қайырымдылық айы болып табылады. 1 қазаннан бастап «Қарттарым – қазынам!» атты адамгершілік-патриоттық акциясы басталды. Бұл акция 1 желтоқсанға дейін жалғасын таппақ. ҚР ҚК әскери қызметшілері ұдайы негізде қарттарға көмек көрсету және көңіл бөлу үшін қарттар үйін қамқорлықтарына алды. Акция Астанада бастау алды, одан кейін Қазақстанның барлық өңірлерінде өтті», —деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров.
Бұл қайырымдылық жүгіру Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесі құрметіне «Отан қорғаушылар» монументі алдында өтті. Бұл Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен бүгінгі ұрпақтың әскери дәстүрлерінің сабақтастығын білдіреді. Одан басқа, бүгін қазақ халқының батыр қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова 90 жасқа толар еді.
Әскери қызметшілер осы қайырымдылық жүгіру арқылы өздерінің ұлтжандылықтарын танытуда. Олар жауынгерлік әзірліктерін ғана емес, сонымен бірге кез келген сәтте осынау қайырымдылық іс-шараға қатысуға әркез дайын екендіктерін көрсетті. Бұның өзі әскеріміздің, әскери қызметшілеріміздің ұлтжандылығының тағы бір дәлелі болып табылады. Өздерінің үлгі-өнегесімен әскери қызметшілер жастарға осындай қайырымдылық шаралардың пайдасы мен бір-біріне деген көмектерін көрсетеді», — деді генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев.
Қайырымдылық жүгіру «Әскери әулет» тұңғыш республикалық байқауы аясында өткенін айта кетейік.
Қайырымдылық жүгіру шарасы аясында арнайы жәшіктер орнатылды. Ол жәшікке барлық ниет білдірушілер шама-шарқынша ақша салып, сырқат балалардың ем-домына қаржылай көмек көрсетті. Барлық жиналған қаржы «Қайырымдылық» қоғамдық қоры мен «Балаларға өмір сыйла» тұрақты қорына аударылады.
Дереккөз: BNews.kz
С. Ерсін