70-тен астам қылмыстық іс қозғалды: ІІМ ескерту жасады

Полиция ведомствосында тәртіп сақшыларына пара беру әрекеттеріне байланысты 70-тен астам қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

"Біздің ең басты міндетіміз - әрбір азамат өзін қауіпсіз сезініп, заңбұзушылықтың кез келген түрі жазасыз қалмайтынына сенімді болуын қалаймыз. Қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің де, азаматтардың да әрекеттері бейнебақылау камералары, регистраторлар мен смартжетондар арқылы жазылады.

Барлық мәлімет ІІМ-нің өзіндік қауіпсіздік департаментімен тұрақты түрде қадағаланып отырады. Өкінішке қарай, осы ескертулерге қарамастан, кейбір азаматтар заңсыз әрекеттерге барып, оның ішінде лауазымды тұлғаларға пара беруге әрекеттену жағдайлары жалғасуда. Күшейтілген бақылау басталғаннан бері осындай әрекеттер туралы полиция қызметкерлерінен 900-ден астам хабарлама түсті. Пара беру фактілері бойынша 70-тен астам қылмыстық іс қозғалды", - деп атап өтті ҚР ІІМ ақпараттық саясат департаментінің бастығы Шыңғыс Әлекешов.

Мысалы, Астана қаласында бір азамат жауапкершіліктен құтылу үшін ақшаны қызметтік көлікте қалдырған. Құқықбұзушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал Көкшетау қаласында ер азамат қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін полиция қызметкерлеріне 500 мың теңге ұсынған. Іс сотқа жіберілді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз