- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "70 миллион теңге...
"70 миллион теңге сұраған": Кентауда теміржолдар кесіліп, металға кетіп жатыр
Кезінде Кентау қаласындағы "Ащысай полиметалл" комбинатына тиесілі болған шойынжол кейін аукцион арқылы бірнеше кәсіпкердің қолына өтіп кеткен. Бірақ жаңа қожайындар ол саланы дамытпақ түгіл, талан-таражға салып жатыр. Соның кесірінен Кентау тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған бірнеше мекеме тоқырауға ұшыраудың сәл-ақ алдында тұр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Комбинатқа тиесілі болған теміржол 90-жылдары банкке кепілдікке қойылып, оны бірнеше кәсіпкер сатып алған. Ал шойын жолдың бойында бірнеше кәсіпорын барын ескерсек, онда қызмет етіп жатқан мыңдаған адамға жұмыссыз қалу қаупі төніп тұр.
"Қазір бұл жолда жұмыс істеп тұрған бірнеше зауыт бар. Рельстер бұзылса, онда тасымал тоқтайды да, зауыт жұмысы тоқтайды. Ал асфальт жолмен тасу өте қымбатқа түседі. Ол кезде тауар қымбаттайды да, алушы табылмай қалады. Солайша біз аз ғана уақыт ішінде жабыламыз да қаламыз", - дейді Кентау трансформатор зауытының бас директоры Бауыржан Құдайбергенов.
Бұған дейін де стратегиялық нысан - теміржолды меншіктеп алған кәсіпкерлер оны бөлшектеп металлға өткізген екен. Мұндай алып-сатарлықтан қала тұрғындарына да зиян келтірген.
"Бізге мына жолды сатып алыңдар немесе мен оны бұзып сатып жіберемін" деп, бізден 70 миллион теңге сұрады. Соны тауып, сатып алуға үш ай уақыт берді. "Сол үш айдың ішінде шешім қабылдамасаңдар, мен осы жолды сатып жіберем" деп ультиматум қойды. Қысқасы, премьер-министрден бастадық, Бас прокуратура, құзырлы орындардың бәріне хат жолдадық. Ешқандай жауап жоқ", - дейді кәсіпкер Асхат Сәлімбаев.
Жергілікті әкімдік өкілі осы жағдайға қатысты пікірін білдірді.
"Кентау қаласы әкімдігі осы сатылған теміржолды мемлекеттік меншікке алу бойынша жол көлік инспекциясына, көлік прокурорына, темір жол торабына, сонымен бірге, табиғи монополия департаментіне хат жолдаған. Бүгінгі таңда осы хаттың жауабын күтіп отырмыз", - дейді Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Жанна Әлімбаева.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы