70 жылдан кейінгі тарихи жаңалық: Іле-Балқаш аумағына жолбарыс қайта жіберілді

Қазақстанда 70 жылдан аса уақыттан кейін алғаш рет жолбарыс тарихи ортасына жіберілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

31 шілдеде Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағында тарихи оқиға тіркелді. 70 жылдан аса уақыттан кейін алғаш рет табиғи мекеніне Амур жолбарысының Үміт атты аналығы жіберілді.

Сурет: gov.kz

Бұл бағытта Қазақстан, Ресей және халықаралық серіктестер бірнеше жыл бойы бірлесіп ауқымды жұмыс жүргізген.

"Қазақстан аумағында жойылып кеткеніне 70 жылдан аса уақыт өткен соң алғаш рет жолбарыс өзінің тарихи ареалына қайта жіберілді. Бұл - мемлекетіміздің, ресейлік әріптестеріміздің, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің көп жылғы бірлескен еңбегінің нәтижесі", - деді экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев.

Оңтүстік Балқаш өңірі мен Іле өзенінің бойы тарихи тұрғыдан жолбарыстың табиғи мекені болған. Бұл аумақта Орталық Азиядағы ең ірі жыртқыштардың бірі Тұран жолбарысы мекендеген.

Сурет: gov.kz

Алайда ХХ ғасырдың ортасында ормандар, жабайы тұяқты жануарлар саны азаюы және браконьерлік салдарынан жолбарыс Қазақстан аумағынан толық жойылған. Жолбарыс соңғы рет кездескені туралы нақты дерек осыдан 70 жылдан аса уақыт бұрын тіркелген. Жолбарысты тарихи ареалына қайтаруға дайындық 10 жылдан аса уақыт бойы жүргізілген.

Табиғи ортаға жіберілер алдында Үмітке кешенді ветеринария тексерісі жүргізіліп, жануар сынақтардан өткен. Мамандар оның денсаулық жағдайын, мінез-құлқын, аңшылық қабілетін және адамға реакциясын тексерген.

Тексеріс нәтижесінде Үміт табиғи ортада өз бетінше тіршілік етуге дайын екені туралы шешім қабылданған. Табиғи ортаға жіберілер алдында Үмітке заманауи GPS/GSM спутник қарғыбауы тағылған. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!