7 кездесуден кейін үйленген: PUBG ойыны арқылы танысқан жұп махаббат хикаясын бөлісті

Желіде PUBG ойыны арқылы танысып, отбасын құрған жұптың видеосы тарады. Massaget.kz тілшісі интернет арқылы танысып, бас қосқан жұппен сұхбаттасты. 

Желіде тойдан қызық видео пайда болды. Онда асаба шаңырақ көтеріп жатқан күйеу жігіт пен қалыңдықтың қалай танысқандарын айтып, Қазнеттегілерді таңғалдырады. Асабаның айтуынша, қалыңдық Тараздан, ал күйеу жігіт Талдықорғаннан. Олардың шаңырақ көтеруіне интернеттегі PUBG ойыны себеп болған.

Думан мен Альбина былтыр қаңтарда танысқан. Альбинаның айтуынша, өмірлік жарын былай кездестіремін деп мүлдем ойламаған.

"2022 жылы қаңтар оқиғасы кезінде бір аптадай интернет болмай, ойын жайына қалған. Ойынды сағынып жүргенде бір танысым жаңа ойын бастағалы тұр екен. 4 адамның 3-еуі жиналған. Танысым маған ойынға қосылуға шақыртуды қоймай жіберген соң қосылып кеттім. Танысымнан басқа ойынға қосылған екі жігітті танымаған соң микрофонды өшіріп ойнадым. Ал ойындағы ник атауым Queen деп тұратын. Екі жігіт "queen деген ханшайым деген мағынада емес пе? Боттардың ханшайымы шығар" деп күлген. Бұл сөзден кейін үндемей отыру мүмкін болмады. "Басқа қыздар сияқты емеспін, шүкір, ойнай аламын" деп жауап қайтардым. Бәріміз тым жақсы ойнап отырғанбыз, бір кезде мені ойынға қосқан танысым интернеті істемей, ойыннан шығып кетті. Ойын аяқталған екі жігіт ойына арқылы дос болуға өтініш жіберіпті, қабылдадым. Бірақ көп уақыт ойнамай жүрдік, менің күйеуім ойланып жүргенде екінші жігіт алғашқы қадам жасап, Instagram-парақшады сұрап, танысуға ниет білдірді", - дейді ол.

instagram.com/meiralba_

Альбинаның айтуынша, күйеуі 4-кездесуде ұсыныс жасап, 7-кездеуде сырға салып, ұзатып алған. 

"Екінші жігітпен сөйлесіп жүргенде, күйеуім жазып бастады. Екеуі бір-бірін сезген ғой деймін, менің күйеуім артынан келіп, екінші жігітке "онымен мен сөйлесіп жүрмін, уақытынды кетірмей-ақ қой" деген ғой. Содан әлгі жігіт жоқ болды. Қаңтардан бері сөйлесіп жүрдік, наурызда, менің туған күнімде алғаш кездестік. Алматыға мен тәжірибе есебін тапсыруға барғанмын, ол да келді. "Егер сөйлеген сөздері, іс-әрекеті ұнаса, осы қызға үйленемін" деген оймен келген екен. Екінші рет мен мемлекеттік емтихан тапсыруға келгенде кездестік. Үшінші кездесу диплом алған күні болды, одан кейін жігіттің аға-жеңгесімен, күйеу бала-қарындасымен таныстым. Төртінші кездесу өзінің туған күнінде болды. Сол күні маған үйленуге ұсыныс жасады. Достары бәрін жоғары деңгейде ұйымдастырған. Бесінші кездесуде ата-аналарымыз танысып, тәтті шай болды. Ал жетінші кездесуде маған сырға салынып, ұзатылдым", - дейді ол. 

Желі қолданушылары ерекше танысқан жұпқа түрлі пікір қалдырған. 

"Ерлі-зайыпты бақытты болсын", "Қалай танысқаны маңызды емес, бастысы бақытты болсын", "Демек, қызығушылықтары бір, бір толқында", "Есесіне жігіт достарымен ойын ойнауға кетпейді, әйелімен бірге ойнайды", - деп жазған олар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!