Алматы полициясы интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ведомство өкілдері алаяқтардың азаматтарды қылмыстық іске қалай тартып жүргенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Полиция мәліметінше, қазір тұрғындарды қылмысқа араластырудың ең кең тараған тәсілдерінің бірі — дропперлік.
"Дроппер - қылмысқа кездейсоқ араласқан адам емес, ол қылмыстық тізбектің бір бөлігі. Банк картасын, шотын немесе мобильді банкингіне кіру мүмкіндігін бөтен адамға берген, сондай-ақ үшінші тұлғалардың нұсқауымен ақша аударған адам интернет-алаяқтар ұрлаған қаражатты заңдастыруға және қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектескен сыбайласқа айналады", - деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алматы полиция департаменті Профилактикалық жұмысты үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Рүстем Әбдіғалиев тұрғындарды оңай табыс туралы уәдеге сенбеуге шақырды.
"Қазір алаяқтар ұрланған ақшаны шығару үшін дропперлерді белсенді пайдаланады. Көп адам банк картасын бергені немесе сыйақы үшін ақша аударғаны ешқандай қауіп төндірмейді деп қателеседі. Бұл — өте қауіпті жаңсақ пікір. Дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Қаншалық тиімді көрінсе де, мұндай ұсыныстарға келіспеуге шақырамыз", - деді Рүстем Әбдіғалиев.
Оның сөзінше, жасалған қылмыстың ауырлығына қарай дропперлікке қатысы бар адам мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Полиция азаматтарға банк карталарын, шот деректерін, логин, құпиясөз және SMS-кодтарды ешкімге бермеуге кеңес берді. Интернет-алаяқтықтың алғашқы белгілері байқалған жағдайда дереу 102 нөміріне хабарласу қажет.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz