Қаржы министрі Мәди Такиев қазақстандық блогерлерді бизнес жүргізу кезінде "мұқият" болуға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство басшысы Үкіметте өткен баспасөз мәслихаты кезінде осындай мәлімдеме жасады.
"854 блогерге хабарлама жіберілді. 620 блогер қосымша 18 миллиард 141 миллион теңгеге декларация тапсырды. 234 блогермен жұмыс істеп жатырмыз, яғни құжат-салық тексерісін жүргізіп жатырмыз. 7 блогермен сот процесінде тұрмыз. Сондықтан блогерлерді бизнес жүргізу кезінде мұқият болуға шақырамын", - деді Мәди Такиев.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық блогерлерге 53 млрд теңге төлеуге уақыт берілді. Мемлекеттік кірістер комитетінің бұған дейінгі мәліметінше, 594 адам кірісін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткен.
Бұған дейін Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова салық органдарына қазақстандықтардан шағым түскенін мәлімдеді.
Мемлекеттік кірістер комитеті бұдан кейін де әлеуметтік желілерде тарап кеткен блогерлердің тізімі мен олардың табысы туралы ақпаратқа пікір білдіріп, бұл тізім ресми құжат емес екенін және жүргізіліп жатқан салық тексерісіне қатысы жоқ екенін айтты.
Артынша Мемлекеттік кірістер комитеті блогерлерге қатысты тағы бір мәлімдеме жасап, 19 ақпанда жалпы сомасы 9,8 млрд. теңгеге 93 блогерге жіберілген 169 хабарлама кері қайтарылғанын хабарлады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз