Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысына сәйкес "7-20-25" ипотекалық бағдарламасын 2027 жылы қаржыландыру көлемі 100 млрд теңгеге дейінгі сомада белгіленді. Тоқсан сайынғы қаржыландыру көлемі 25 млрд теңгеден аспайды. Бұл туралы "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ мәлімдеді.
Аталған қаражат "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ-ның екінші деңгейдегі банктерден Бағдарлама аясында 2027 жылы берілетін ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқықтарын сатып алуына көзделген. Бағдарлама операторы ретінде Қор оның талаптарына сәйкес берілген қарыздар бойынша талап ету құқықтарын белгіленген лимит шегінде сатып алады. Банктер ипотекалық кредиттерді өз қаражаты есебінен береді, содан кейін Қор сол кредиттер бойынша талап ету құқықтарын сатып алады. Банктерді алдын ала қаржыландыру көзделмеген.
Еске сала кетейік, "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы бастапқы нарықтан пайдалануға берілген тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік береді. Негізгі шарттары: номиналды сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7%, бастапқы жарна – сатып алынатын тұрғын үй құнының кемінде 20%-ы, кредиттеудің ең ұзақ мерзімі – 25 жыл. Бағдарламаға бір рет қана қатысуға болады. Бағдарламаның серіктестері – Қазақстан Халық Банкі, Банк ЦентрКредит, Фридом Банк Қазақстан, Bank RBK, Altyn Bank, Еуразиялық банк және ForteBank.
"Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ мәліметінше, "7-20-25" ипотекалық бағдарламасы іске қосылғаннан бері жалпы сомасы 1,26 трлн теңгеге 87 мыңнан астам кредит берілді. Бағдарлама шарттары туралы толық ақпаратты baspana72025.kz сайтынан және +7 (727) 227-20-25 бірыңғай байланыс орталығының телефоны арқылы алуға болады.
Жарнама материалы
Massaget.kz