Ішкі істер министрлігі ата-аналарды су айдындарында демалу кезінде балаларды қатаң бақылауда ұстауға шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы бері еліміздің су айдындарында 69 бала қаза тапқан.
"Ішкі істер министрлігі балалардың судағы қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Шомылу маусымы басталғалы бері елімізде 69 бала суға батып, көз жұмды. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға рұқсат етілмеген және арнайы жабдықталмаған жерлерде тіркелді. Қауіпсіздік мақсатында тек арнайы жабдықталған жағажайда шомылыңыздар, балаларды су айдындары маңында қараусыз қалдырмаңыздар, оларға бейтаныс жерлерде шомылу қауіпті екенін түсіндіріңіздер, аптап ыстықтан кейін бірден суық суға түспеңіздер", - деді ІІМ профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.
Полиция тыйым салынған орындарда шомылғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Жыл басынан бері осындай құқықбұзушылық үшін 2700-ден аса азамат жауапкершілікке тартылған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!