Сенатор Әли Бектаев ауыл шаруашылығы техникасына утильалымды жоюды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттық сауал премьер-министр Олжас Бектеновке жолданды. Оның айтуынша, Қазақстанда шаруалар пайдаланып жүрген ауыл шаруашылығы техникасының 76 пайызының тозығы жеткен.
"Норматив бойынша әр мың гектарға 5 трактор мен 3 комбайнның қажет екен3н ескерсек, қазір егіс алаңдарына 65 мың трактор, 43 мың комбайн жетпейді, ал жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасы 4,5 пайызға ғана жаңарады. Мұны ескерсек, тек жетіспейтін тракторлар мен комбайндардың орнын толтыру үшін 14-15 жыл керек", - деді Әли Бектаев.
Бүгінде елімізде ауыл шаруашылығының құрал-жабдықтарын өндіретін 10 зауыт пен өздігінен жүретін техниканы шығаратын 8 кәсіпорын бар.
"Кәсіпорындар 2023 жылы 5 400 трактор, 1 000 комбайн, 17 мыңнан аса тіркемелі құрылғыларды шығарды. Бұл - тракторлар мен комбайндарға деген жылдық қажеттіліктің 80 пайызы, ал тіркемелі техникалардың 30 пайызына тең. Өкінішке қарай, бізде тракторлар мен комбайндардың 42-44 пайыз ғана шығарылады. Негізгі қосалқы бөлшектер сырттан келеді. Сондықтан да олар өте қымбат", - деді сенатор.
Салдарынан бұл техникаларды тауар өндірушілер ала алмайды.
"Ауыл шаруашылығына қажет жеңіл құрылғылардын, соқалар мен культиваторлардың, дискілі тырмалардың, мал азығын дайындайтын машиналар мен механизмдердің, пішен жинағыштар мен тұқым сепкіштердің, көшет отырғызатын жабдықтардың басым бөлігі шетелден әкелінеді. Негізінен металдан тұратын, қарапайым ғана осы техникаларды неге елімізде көптеп шығаруға болмайды? Жалпы Қазақстанда отандық аграрлық машина жасау саласын дамытудың бағдарламасы, болмаса концепциясы бар ма?" - деді депутат.
Әли Бектаевтың айтуынша, жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін утилизациялық алымның құны жоғары. Бұл шаруалардың жаңа техниканы сатып ала алмауына, ескірген тракторлар мен комбайндарды пайдалануға, оларды үнемі жөндеуге мәжбүр етеді. Оның пікірінше, мемлекет утильалымды алып тастауы керек.
"2024 жылғы жағдай бойынша утиль алымының көлемі - бір трактор үшін 370 мың теңгеден 7 миллион 380 мың теңгеге дейін, ал бір комбайн үшін 1 миллион 600 мың теңге - 8 миллион 300 мың теңге аралығында. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды. Жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады, ал қалған қаңқасын металлоломға өткізіп күн көреді.
Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып, жойып жатқан да шаруалардың да өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған "Жасыл даму" мекемесінің үлесі неде? Жалпы ауылшаруашылы техникалары үшін кәдеге жарату алымын алып тастаса, мемлекет ұтпаса ұтылмайды деп ойлаймыз", - деді сенатор.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!