Ішкі істер министрлігі өкілі "Жол жүрісі туралы" заңдағы өзгерістерге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство өкілі жүргізушілердің медициналық тексерістен өтуіне қатысты қандай өзгерістер енгізілгенін түсіндірді.
"Жүргізушілердің медициналық тексерістен өтуі жаңа талап емес. Бұл норма 2014 жылдан бері "Жол жүрісі туралы" заңда көрсетілген. Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелері өзара біріктірілді. Соның арқасында міндетті медициналық тексерістен өткені туралы мәлімет екі министрліктің жүйелері арасында автоматты түрде беріледі", - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Карина.
Ол 65 жастан асқан жүргізушілер не білуі керек екенін де айтты.
"65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілерге тек әр екі жыл сайын медициналық тексерістен өтсе жеткілікті. Оның нәтижесі автоматты түрде жүйеге түседі. Сондықтан ешқандай қосымша анықтама жинаудың немесе мемлекеттік органдарға барып жүрудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінің мерзімін ұзарту немесе бұл туралы ІІМ-ге жеке хабарлау талап етілмейді. Азаматтарға алаңдауға еш негіз жоқ. Ешқандай жаңа талап немесе артық құжат енгізілген жоқ", - деді ІІМ өкілі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!