Жезқазғанның екі тұрғынына қатысты MetaGo қаржы (инвестициялық) пирамидасын жарнамалау күдігі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ҚМА мәліметіне сілтеме жасап.
Дерек ҚМА Ұлытау облысы бойынша департаменті өңірлік прокуратураның үйлестіруімен және агенттіктің көлеңкелі экономика саласындағы талдамалық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл нәтижесінде анықталған.
"Күдікті тұлғалар MetaGo қаржы пирамидасының қызметі туралы ақпараттық ресурстарда (YouTube бейнехостинг сайты, WhatsАpp және Telegram мессенджерлері, Facebook және Instagram әлеуметтік желілері), сондай-ақ осы қаржы пирамидасының символикасы бар киім мен плакаттарды пайдалана отырып, халықпен кездесулер мен жиналыстар өткізген. Осы арқылы 63 миллион теңгеден аса сомада залал келтіріп, қаржы пирамидасының заңсыз қызметіне 80-нен аса азаматты тікелей тартқан", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 217-1-бабы - "Адамдар тобының қаржы пирамидасын жарнамалауы" – бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, департамент бұрын жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралар нәтижесінде тіркелген Жезқазған қаласының осы тұрғындарына қатысты MetaGo қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін құру және басшылыққа алу дерегі бойынша соталды тергеу жүргізіп жатыр.
ҚР ҚПК-нің 201 бабы тәртібінде өзге ақпарат жарияланбайды.
"Егер сіз және сіздің туыстарыңыз MetaGo компаниясының қызметінен зардап шексе, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеу департаментіне немесе ҚМА call-орталығына хабарласыңыз. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі", - деді ҚР ҚМА Ресми өкілі Әлібек Әбділов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!