- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "6000-нан астам қазақтың...
"6000-нан астам қазақтың 20 жылдан бергі тілегін аяқ асты еткен": ШҚО тұрғындары Президентке үндеу жолдады
Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары Президентке үндеу жолдады. Риддер қаласының тұрғындары әзірлеген бейнеүндеуде жемқорлар мен педофилдерге, қасақана адам өлтіргендер үшін жазаны күшейту маңызды екені де айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеншілер жұрты атынан сөз алған Назар Ерназарұлы "Жаңа Қазақстан" идеясы жүзеге асуы үшін бірқатар жаңашылдық пен өзгеріс керек екенін алға тартты. Бейнеүндеуде бірнеше тақырып қамтылған. Қаладағы өзекті мәселелерді көтеріп жүрген белсенді "Шаңырақ" аталатын Риддердегі жалғыз қазақ мектебі жаңа ғимаратқа көшірілуін маңызды санады. Одан бөлек, жұрт қыстай жаурап шығуға мәжбүр болған жылу электр станциясын Үкімет қарамағына алуды да сұрады.
"Әрбір әкім мен мемлекеттік мекеме басшыларын қатаң тексеріп, тапқан дүниелері мен қорларын мемлекетке қайтаруы керек. Жемқорлардан түскен қаражатпен Қазақстанның шет елдердегі қарызын жауып, медициналық сақтандырудан түсетін ақшаға қатаң бақылау орнатқан жөн. Ол қаржыға қандай жұмыс істелгенін халық білмейді. Сырқаты ауыр науқастарға да қосымша квота қарастырылмаған. Дәрігерлік көмектің бәрі ақылы. Сонда сол ақша қайда кетіп жатыр?" - деді Назар Асаинов.
Қала тұрғыны Риддердегі жалғыз қазақ мектебінің дауын шешуге Президенттің өзі араласуын өтінді.
"Бұл мәселені облыс әкіміне шешу қиынға соғып тұр. "Шаңырақ" мектебін саламыз" деп жер мен қаражат алып, дайын болғанда аралас мектеп қылып жіберу арқылы 6000-нан аса қазақтың 20 жылдан бергі тілегін аяқ асты еткен Евгения Нужных есімді шенеунік мәселені бір өзі шеше салған. Қалайша? Риддердегі №11 аралас мектепті "Шаңырақ" қазақ мектебіне берілсін", - деді Назар Ерназарұлы.
Өңір әкімі Даниал Ахметов жуықта өткен брифинг кезінде бұл білім ордасы туралы жауап берген болатын. Оның сөзінше, биыл 300 орынға арналған қазақ мектебінің құрылысы басталады.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы